Көнермес асыл мұра

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, журналист-жазушы Сәбит Биболов, ақын Қыдыр Байдүйсенов, кітапхананың тұрақты оқырманы Қуат Құдайбергенов, сондай-ақ, мектеп оқушылары және кітапханашылар қатысты.
Кітапханашы Еркежан Баймолданова С.Биболовтың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен басылған, белгілі қаламгер Тұрсын Әбдуәлиевпен бірге жазған «Бақтыбай ақын» атты екі томдық романына шолу жасап, айтыс ақындарының алмас қылышы, наркескені атанған Бақтыбай ақынның балалық шағы, өскен ортасы, ақындық жолы, шығармалары жайында жан-жақты баяндалған кітап ақынды танып-білуге жетелейтін тамаша туынды екенін, ақынның туған жерге, өскен елге деген перзенттік сүйіспеншілігі, ата-баба дәстүрлеріне адалдығы, шыншылдығы, ақындық дарыны оқырманын жігерлендіріп, бойына ұлттық сезім ұялататынын атап өтті.
Текеліде өмірге келген Бақтыбайдың атасы Аңдамастан Аю, Жолбарыс, Үден деген үш бала өрбіген. Алатаудың жері шұрайлы, ауа райы тіршілікке аса қолайы тау баурайында ақырған аю да, екпінінен жел тұратын жолбарыс та өмір сүрген ғой. Балаларының бойынан аюдың айбатын, жолбарыстың қайратын көргісі келген әке арманы орындалмай қалған жоқ. Жолбарыстан туған Бақтыбай тіл құдіретімен жалпақ жұртты аузына қаратты. Әсіресе, Бақтыбайдың суырып салма ақындық дарынын тайсалмайтын, шын-дықты ықпай айтатын өр мінезі асқақтата түскен. Төре екен деп маймөңкелемей, әлсізді тізеге салған менмендігін бетіне басып, тыңдаушысының айызын қандыра айтқан атақты Тезек төремен айтысы оның ақындық даңқын бүкіл Жетісу өңіріне әйгілі етті. Ақын әділетсіздікті аямай, ащы тілмен шенеп, көптің күткенінен шыға білген.
Халық сүйген ақынын ешқашан өлтірмейді. Оның еңбектерін жүректен-жүрекке сақтап, бүгінге жеткізді. Бақтыбайдың шығармалары 1987 жылы «Жел қобыз» деген атпен жеке кітап болып шықты. 2005 жылы «Басылып жатқан қазынам...» атты көлемді еңбегі жарық көрді. Ақынның өмір деректерін, еңбектерін жинап, зерттеп, зерделеп, ол жайында көп қалам тербеп жүрген С.Биболов Текеліде тұрып, осы жердің тумасы Бақтыбай ақынды білмеу азаматтық арға сын екенін, әсіресе, жас буын ақынның өмірін, шығармаларын оқып, бойына ұлттық болмысты сіңіре білуі керектігін алға тартты.