Ұстаздық – ұлы қызмет

«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет», – деп қазақтың қайсар батыры Бауыржан Момышұлы айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Ал қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушығалым Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады.
Ұстаздық – ұлы қызмет

Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімдік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын – ұстаз.

Мектебіміздің ардагер ұстаздары Ұлтуар Жақанқызы, Жүзім Сағатбекқызы, Светлана Есілбекқызы, Ғазез Нұралтай өз тәжірибелерінде шәкірт бойына ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші аяулы жандар. «Ұстаз – мектеп тұлғасы, шәкірт оның жалғасы» демекші, ардагер ұс-таздарымыз жылдар бойы көптеген шәкірттерді өмірге баулып, қанатын қатайтып, тұлға етіп тәрбиеледі. Ұстаздық жолында республикалық, облыстық олимпиада, ғылыми жобалар, көркемсөз оқу байқауларынан шәкіттері жүлделі орындарды иеленген болатын. Атап өтсек, Ұлтуар Жақанқызының шәкірті 2015 жылы ҚР VІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жүлделі І орын иеленген дарынды оқушысы Тілеухан Жансая қазіргі таңда ҚазМУ-дің магистранты, журналистика саласында қызмет атқаруда. Шәкірті Дарын Жанымхан Динара республикалық Мұқағали оқуларынан І орын жүлдегері. Ұстаз әрқашан шәкіртімен мақтанады дегеннің дәлелі осы.

Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деген ардагер ұстаздарымыз бен қалтықсыз еңбек етіп жатқан ұлағатты ой иелерінің қоғамдағы орны мен мәртебесі әрқашан да биік болмақ.

Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Егер әр адамның жүрегінде ізгілік тамшысы мен бойында қарым-қабілеті болса, соны аша білген мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің бойына дарыту үшін мұғалім қаншама тер төкті десеңізші. Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?!

Оқушы бойына бар ізгілікті дары-тып жатқан ұстаздарын, ардақты ардагер ұстаздарды төл мерекесімен құттықтаймыз. Күндеріңіз шуақты, шәкірттеріңіз білім шыңын бағындырар тұлға болсын!

Жазира Ералиева, №5 орта мектебі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.