Отбасы және спорт

Әрқайсысы өздеріне ат қойып, біркелкі киім киген 9 топ сайысты жүргізуші Ақмарал Ахметжанованың нұсқауымен ептілік пен жылдамдықты қажет ететін неше алуан сыннан өтті. Жүгірді, секірді, сүрінді, қайта тұрды, әйтеуір, алға ұмтылды. Бәрінен бұрын балалар мәз. Ата-аналарының балаша жүгіріп, өздерімен бірге жеңіске талпынғаны жұдырықтай жүректерді бақытқа бөледі. Ата-анасы қасында тұрып қолдау көрсеткен ұл-қыздар кез келген кедергіден қиналмай өтетіндей жігер мен сенімділік көрсетті. Кикбоксинг тобының спортшылары Рамин Альжан, Александр Муковин, Алексей Швейцер бірі уақытты есептеп, бірі қажетті құралдарды ұсынып, орналастырып, сайыстың тиянақты өтуіне көмек көрсетті.
«Тау мергені» клубының жетекшісі, кикбоксингтен жаттықтырушы Асхат Ахметжанов жас жеткіншектерді мерекемен құттықтап, балаларға көңілді кеш сыйлауға қол ұшын созған қалалық бұқаралық-спорттық шараларды өткізу орталығына, №3 орта мектебіне және спорттық жабдықтармен қамтамасыз еткен Свистуновтар отбасына алғыс білдірді. Тұраповтар отбасы 1-орын, Ақшолақовтар 2-орын, Капытовтар отбасы 3-орын иеленіп, кубок, медаль, грамотамен марапатталды. Сайысқа белсене қатысқан Свистуновтар, Хапизовтар, Балтабаевтар, Өтелбаевтар, Руденко және Байтөриндер отбасыларына да грамота мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА