Қырымбек Көшербаев Олимпиада жүлдегерлерін Мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Елдос Сметов III дәрежелі «Барыс» орденімен, Зульфия Чиншанло ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, Қамшыбек Қонқабаев, Сәкен Бибосынов, Игорь Сон, Софья Берульцева, Дархан Асаділов, Нұрислам Санаев «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қырымбек Көшербаев Олимпиада жүлдегерлерін Мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсіміне қатысты
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиаданың жүлдегерлері мен олардың бапкерлерін қабылдап, Мемлекеттік награда мен қаржылай сертификаттарды табыстады.
Салтанатты іс-шараға барлық жүлдегер мен олардың жеке бапкері, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.
Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Олимпиаданың қола жүлдегерлеріне 31 миллион теңге, ал жеке бапкерлеріне 25 миллион теңгеден қаржылай сыйақы табыстады.
Жиында Мемлекеттік хатшы Токио Олимпиадасы еліміздегі спорт саласының шынайы бет-бейнесін анық көрсеткенін атап өтіп, спорт саласына шұғыл реформа қажет екенін айтты. Бірде-бір спортшымыздың алтын не күміс жүлдеге қол жеткізе алмауы елдігімізге сын болғанына тоқталды.
– Ең әуелі, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтырумен, спортпен айналысуын қамтамасыз ету қажет. Өскелең ұрпақтың спортпен шұғылдануына жағдай жасамай, ірі жарыстарда жетістікке жетеміз деу әбестік. Сондықтан еліміздің барлық аймақтарындағы спорт мектептері мен үйірмелердің жағдайына терең талдау жасалып, оларды қолдаудың кешенді жоспары әзірленуі тиіс. Халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуын дамытқан дұрыс. Спортпен шұғылданатын халықтың санын арттырсақ, одан сапа шығады. Бұл да кезек күттірмей, жедел қолға алатын шаруаның негізгісі, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Салтанатты іс-шара соңында Қазақстан делегациясы спортшыларының атынан дзюдошы Елдос Сметов пен каратэші Софья Берульцева сөз сөйлеп, пандемияға қарамастан тыңғылықты жаттығу жұмысын жүргізуге бар жағдайды жасағаны үшін Президентке алғыс айтты.

Дереккөз – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.