Ел намысы ер мойнында

Жапонияның Токио қаласында жалауын көтерген ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарының өтіп жатқанына да апта болды. Бүгінге дейін еліміздің қоржынында 3 қола медаль бар. Бұл – Қазақстан құрамасының жазғы Олимпиада ойындарына жетінші рет қатысуы.
Ел намысы ер мойнында

Қазақстан спортшылары 1994 жылы тұңғыш рет тәуелсіз мемлекеттің ұлттық командасы ретінде Атлантада өткен жазғы Олимпиадаға қатысты. Алғашқы қадам сәтті болды. Додада еліміз 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медальды еншілеп, жалпы есепте 24-орыннан бой көрсетті.
2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында да спортшыларымыз ел қоржынына 3 алтын, 4 күміс медаль салды. Нәтижесінде Атлантадағы көрсеткішін 2 орынға алға жылжытып, 22- орынға ие болды. Сол жолғы үш алтынды боксшылар Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов және жеңіл атлет Ольга Шишигина иеленді.
2004 жылғы Грекияның Афина қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарына Қазақ спортшылары 1 алтын, 4 күміс, 3 қола алып, 40-шы орынға сырғыды. Қазақстан қоржынындағы жалғыз алтынды бокстан Бақтияр Артаев салды.
2008 жылы Бейжің жазғы Олимпиадасында спортшыларымыз ауыр атлетикадан 1 алтын, 2 күміс, 1 қола; бокстан 1 алтын, 1 қола; күрестен 1 күміс, 4 қола иеленіп,  қорытынды есепте Қазақстан құрамасы 29-орынға көтерілді.
2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасының қоржынына 11 медаль түсті. Оның 3-і алтын, 1-і күміс, 7-і қола. Алтын медальдарды қанжығаға велошабандоз Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова және боксшы Серік Сәпиев байлады.  
2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 10 қола медальға ие болды. Алтын жүлделерді жүзуден Дмитрий Баландин, ауыр атлетикадан Ниджат Рагимов және бокстан Данияр Елеусінов алып берді. Жалпы командалық есепте еліміз Сидней Олимпиадасындағы 22-орынға жайғасты.
2020 жылы өтуге тиісті әлемдік дода пандемияға байланысты бір жыл кешігіп, биыл, 23 шілдеде жалау желбіретті. Тұтас адам баласын әбігерге салған қиындықтарға қарамастан, жарысқа жолдама алған спортшылар жеңіс үшін барын салуда. Олимпиададан жүлдесіз, алтынсыз қайтпаған біздің саңлақтар да ел намысын жібермеуге тырысуда.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.