Ел құрамасы үздіктер қатарында

Қытайдың Чэнду қаласында алауын жаққан ХХХІ Жазғы универсиадада Қазақстаннан спорттың 10 түрі бойынша 90 спортшы қатысып жатыр. Бүкіләлемдік универсиадада 18 спорт бағыты бойынша 269 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ел құрамасының қоржынында алтын да, күміс пен қола да бар.
Ел құрамасы үздіктер қатарында

Қазақстан қоржынына алғашқы медальді дзюдошы Сұңғат Жұбатқан салып, қоламен қуантты. Жарыс барысында С.Жұбатқан мажарстандық, түрікменстандық және әзербайжандық дзюдошыларды қапы қалдырды. Тек жартылай финалда жапониялық спортшыға жол берді. Қола жүлде үшін белдесуде Сұңғат өзбекстандық Абдурахим Нутфуллоевты ұтты.

Шағын калибрлі винтовкадан ату шеберлері Константин Малиновский, Ислам Сәтпаев пен Никита Шахторин күміс, тез атылатын тапаншадан ату дисциплинасында Никита Чирюкин қола медальға қол жеткізді.

Дүбірлі додада Константин Малиновский, Ислам Сәтпаев, Никита Шахторин винтовкадан 10 метрге оқ атудан командалық жарыста үшінші орын алды.

73 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін өткен белдесуде қырғыз спортшысы Шыңғысхан Сағыналиевті жеңген дзюдошы Асқар Нарқұлов қола жүлдегер атанды.

Ел құрамасынан садақшы Диана Тұрсынбек олимпиадалық садақ ату сайысында финалда оңтүстіккореялық Чой Ми Сунге 2:6 есебімен есе жіберіп, екінші орыннан көрінді.

Қазақстандық гимнастшы Елжан Таниева үш жүлдеге ие болды. Ол доппен және лентамен көркем гимнастика сайысында күміс медаль иеленді. 1-орын Венгрия спортшысына бұйырса, үздік үштікті болгариялық гимнастшы түйіндеді. Елжан құрсаумен сайыстың жекелей сынында қола медаль алды. Алдында Венгрия және Украина спортшылары тұр.

Дзюдошы Бекарыс Сәдуақас 100 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдені жеңіп алды. Ол 3-орын үшін сайыста франциялық Кенни Левезені тізе бүктірді.

Таеквондошы Рита Бакишева 48 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанып, алтын тақты. Бұл әзірге ел құрамасының алғашқы және жалғыз алтыны. Қазақстандық спортшы өз салмағында финалда қытайлық Тайбейден келген Хуань Инь Суаньнан басым түсті.

Ушу спортынан Бексұлтан Қоскенов 60 келі салмақ дәрежесінде ерлер арасында жартылай финалда қарсыласына 0:2 есебімен жол беріп,
қола жүлде алса, осы салмақта Ай-герім Төреханова жартылай финалда түркиялық Берне Туттан жеңіліп, 2-орынға табан тіреді.

Қазірге дейін қазақстандық спортшылар 13 медаль алды. Оның ішінде 1 алтын, 5 күміс, 7 қола бар.

Жазғы универсиада 28 шілде – 8 тамыз аралығында өтеді.

Соңғы жаңалықтарға сүйенсек, Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде 15-орында тұр. Қытай құрамасы 60 (36 алтын, 12 күміс, 12 қола) медальмен көш басында тұр. Одан кейінгі орындардағы Оңтүстік Кореяның 41 (16 алтын, 12 күміс, 13 қола), Жапонияның 36 (14 алтын, 9 күміс, 13 қола) медалі бар.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.