Жаңғырған жаяу жүргіншілер жолы

Осы орайда, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаламызда жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтау, әрі жаяу жүргенді жақсы көретін азаматтарға арнап, арнайы жобаларға сәйкес жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоспарға сәйкес «Достық» шағынауданына қарасты жалпы ұзындығы 6,1 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жасалмақ. Қазір қызу еңбек әл-Фараби, Орақты батыр, Жансүгіров, Жалайыр көшелері және Қонаевтан Күншығыс көшесіне дейінгі аралығындағы аумақта қарқын алған.
Қалалық жолаушылар кө-лігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде аталған аумақта барлық бөлшектеу және монтаждау жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабынын төсеуге дайындық басталған. Арық науалары ауыстырылған. Әл-Фараби көшесінің қапталында бой түзеп келе жатқан жаяу жүргіншілер жолы аяқталуға жақын. Достық көшесінде арық науаларын бөлшектеу және монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Жаңғырған көшелер мен жолдардың құрылыс жұмыстарының аяқталар мерзімі де алыс емес – биылғы қазан айы. Жұмыс сапасы қала жұртшылығын тарта отырып, арнайы комиссияның бақылауында болмақ.
Нұржан Махаббатқызы