Кел, қазақша сөйлейік!

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, тілдің тұғырын биік ұстау мақсатында аталған орталық мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне үйретеді. Ал былтырдан бері жұмыс істейтін «Қазақша сөйлейік» клубының мақсаты – қазақ тілін грамматика мен ережеге байланыстырмай, еркін, тез әрі жеңіл сөйлесуге үйрету, тілдік ортаны дамытып, күннен-күнге тілге деген қызығушылықтарын арттырып, тыңдаушыларға күнделікті тұрмыста, өмірде пайдаланылатын сөздерді оңай меңгертіп, өзге ұлт өкілдерімен таза қазақша сөйлесетін орта құру.
Қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл біздің өткен тарихымыздың айнасы ғана емес, бүгінді болашаққа жалғайтын құрал. Сондықтан, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге барынша назар аударғанымыз абзал. Қазақтың тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ғажап тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше. Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Кез келген ұлт өз тілі үшін күрескені жөн. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болып қалсаңыз да, тіліңіз жайында тіл тарихында мұра қалдыруға міндеттісіз. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту барысында олардың қазақ тіліне деген құрметін арттыруға ықпал етеміз.
Атап өтерлігі, тіл үйренушілер арнайы бағдарламасы, емтиханы бар тіл меңгеру курсына қатысқаннан гөрі ауызекі сөйлеу клубын жөн көреді. Өйткені, мұнда бәрі еркін. Клубқа қатысатын өзге ұлт өкілдерінің жасына шектеу жоқ, өзі үшін үйренеді. Баға қойылып, сертификат берілмейді. Өткен жылы клуб жұмысына екі топқа бөлінген 26 адам қатысты. Сабақ аптасына екі рет болады. Биыл да екі топ ауызекі қазақ тілін үйренеді. Қазақша үйренуге ниеті бар өзге ұлт өкілдеріне есігіміз ашық. Қазір «Қазақша сөйлейік» клубының құрамы жинақталып жатыр.
Құндыз КӘДІРХАНҚЫЗЫ, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы