Егемендік негізі

Мемлекеттік егемендік туралы декларация – 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжат.
***
Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды.
***
Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғыл-майтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды.
***
Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды.
***
Жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует Республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді.
***
Декларация негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды.