Алтын қазық

Тәуелсіздік тарихының тамыры тереңде. Оған әр қадам, әр сәт сайын көз жеткізіп келеміз. Егеменді ел болуға талпынудың құжат жүзіндегі алғашқы бастауы – Мемлекеттік егемендік туралы декларация болса, оның қабылданған күнін ұлттық мереке ретінде атап өтудің маңызы айрықша.
Алтын қазық

Бұл заңнамалық құжаттың еліміз үшін атқарған қызметі зор, тарихта алатын орны салмақты. Кезінде мемлекеттік мереке тізімінде болып, 2009 жылы сол тізімнен алынып тасталған дата төңірегінде заңгерлер, саяси сарапшылар сан алуан пікір айтты. Олардың көбі бұл декларациядағы егемендік Қазақстанның емес, ҚазКСР-нің егемендігі еді дегенге саяды. Десек те, өз территориясы, өз Конституциясы, Мемлекеттік рәміздері, төл теңгесі бар қазіргі Қазақстанның тәуелсіздігі туралы конституциялық заң аталған декларация негізінде қабылданғанын естен шығармағанымыз жөн. Бұл туралы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек»,– деп атап көрсетті. Өткен жылдардың бәрі тарих қойнауына сіңгенмен, ұлт үшін ұлық, бағасы бөлек, уақыт өткен сайын жарқырап, санада жаңғыра беретін оқиғалар болады. Республика күні де біздің егеменді ел болып қалыптасуымыздың алтын қазығы ретінде мерекеленетіні көңілге қонымды. Егемендікті еншілеген еліміздің алар биігі зор болғай!

Қабілет АБДУЛДАНОВ, Текелі қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы

#25 қазан – Республика күні

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.