Ұлттың ұлық мерекесі

​Биылдан бастап Қазақ елінде 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде аталып өтеді.
Ұлттың ұлық мерекесі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін  үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн.

Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», – деді.

Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен 2009 жылы алынып тасталған болатын. Араға бір мүшел салып, бұл күн ұлттық мереке болып бекітілді. Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке мәртебесін алды.

«Бұл тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күннің ұлттық мереке ретінде белгіленуі маңызды қадам. Мемлекеттілік пен егемендіктің тұғыры. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенеміз», – деген Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың сөзін ел жұртшылығы да қолдап-қуаттады. Өйткені, халқымыз, болашақ ұрпақ ұзақ уақыт бойы арманға айналып, сан  соқпақ, сындарлы жолдан өткен, аңсаттырып қол жеткен тәуелсіздіктің тамырын, тарихын тереңінен білгені абзал.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.