Кітап оқудың шеберлері

​Текелі қалалық кітапханасының №1 филиалы балаларға арналған. Мұнда кез келген балғын оқырманды кітапханашылар құшақ жая қарсы алып, керек кітабын тауып береді, ақыл-кеңесін аямайды. Балалар жылы аясында бұл рухани ордада жеткіншектермен жұмыс ширай түсті.
Кітап оқудың шеберлері

Балаларды кітап оқуға тарту, шығарманы мұқият, түсініп және жылдам оқуға үйрету мақсатында өткен «Тез оқуды үйреніңіз» атты сайыстың бергені мол болды. Кітап оқу сайысына қатысқан он ұл мен қыз Әлия Беркімбаеваның «Дәуіт атайдың ертегілері», «Балаларға қазына», «Ертегілер», Жұмабала Балақаранованың «Ертегілер әлемі», «Алдаркөсе мен Қожанасыр хикаялары», «Құлыншақ» кітаптарын жарыса оқыды. Жылдам оқудың шебері екенін көрсеткен №4 орта мектебінің оқушысы Айша Жұмаділ жеңімпаз атанды. Бұл ретте балаларды кітап оқуға машықтандырып жүрген №4 орта мектебінің мұғалімі Тұрсынхан Оразбаева мен №5 орта мектебінің мұғалімі Сағыныш Бектұрсынованың еңбегін атап өтуге болады.

Жыл басынан бері кітапхананың мұрындық болуымен кітапты жылдам оқу сайысының облыстық, республикалық кезеңдеріне қатысқан оқушылардың жетістіктері мақтауға тұрарлық. Бөкейхан Еркінұлы, Ақерке Төленқызы, Диана Алмабаева, Әсел Бекжан, Сабина Маратқызы С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғ.Тоқабаеваның дипломымен марапатталса, Бөкейхан Еркінұлы мен Зерде Ержан республикалық сайыста жүлдегер атанды.

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.