Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің мерейі

Әділетті қоғамның тұтқасы
Құқықтық мемлекеттің негізін құрайтын маңызды құрылымдардың ішінде сот жүйесінің орны ерекше. Заңның үстемдігін, азаматтық құқықтың қорғалуын қамтамасыз ету, сот істерінде өркениетті дамуға негізделген бірізділікті қа-лыптастыру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға белсенді ықпал ету, міне, осындай толып жатқан жүйелі жұмыстардың барлығы әділетті қоғам құру жолындағы ұлттық мүддеге келіп тоғысады. Осынау ізгі мақсат жолындағы құлшынысты еңбектің, абыройлы қызметтің ортасында жүрген нәзік жанды азаматтарымыздың бірі – қалалық соттың кеңсе меңгерушісі Бақытгүл Алтынбекқызы МАДЫБЕКОВА.
Сот кеңсесі – қызметтік құзыреті ауқымды, жауапкершілігі жоғары құрылым. Атап айтқанда, кеңсе қызметкерлері азаматтар тарапынан түскен талап арыздарды, шағымдарды, өтініштерді қабылдап, қылмыстық, азаматтық істер бойынша сараптап, дер кезінде тіркейді. Тіркелген істердің уақытында қаралуын, апелляциялық шағымдардың өзінен жоғары тұрған сотқа жөнелтілуін және олардың қайтарылуына бақылаушылық етеді. Қылмыстық, азаматтық істер бойынша материалдарды, заттай дәлелдерді есепке алады және сақтайды, атқару парақтарын, материалдардың қаулыларын беру, сот актілерін орындауға жіберуді ұйымдастырады. Материалдық-техникалық базаның заман талабына сай жабдықталуын назарға алады. Біліктілікті арттыру бойынша жұмыстарды үйлестіреді, сыбайлас жемқорлық белгілерінің алдын алу бағытында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді... Міне, осылай жалғаса береді.
Бір сөзбен айтқанда, сот қызметінің күнделікті жұмысы осы кеңсе арқылы айқындалады және барлық жұмыстардың нәтижесі осында хатталады.
Демек, азаматтар тарапынан түскен арыз-шағымдардың әділ шешім шығарылуына дейінгі біртұтас үдеріске қажетті материалдар мен барлық шарт-жағдайды жоғары кәсібилікпен, жауапкершілікпен үйлестіріп отырған кеңсе қызметіне жетекшілік ету оңай емес.
Бақытгүл Алтынбекқызы қалалық сотта табандылықпен қызмет ете жүріп, білімін жетілдірді, тәжірибесін толықтырды, ізденгіштігімен, еңбекқорлығымен бүгінгі биік белесіне қол жеткізді. Қалалық полиция бөлімінде еңбек етіп, абыроймен зейнетке шыққан жолдасы, полиция лейтенанты Рүстем Мадыбековпен бірге 4 қыз тәрбиелеуде. Ол:
«Мен осында келгенде қалалық сот бұрынғы балабақша ғимаратында еді. Онда сотпен бірге қалалық прокуратура да жұмыс істеді. Ғимарат бөлмелері жұмыс талабына сай келмейтін... Қазір жағдай мүлде басқаша, 2018 жылы мемлекет қаржысымен қалалық соттың жаңа ғимараты бой көтерді. Қарыштап дамуға бет түзеген мемлекетімізбен бірге біз де түлеп, өсіп-өркендеп келеміз», деп сүйінішін жеткізді.