Үстеменің шегі бар

Текелі қаласы прокуратурасының прокуроры Ерлан Байров, Кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрысбек Жұмаділов, кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Әйгерім Шалабаева кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске сәйкес шекті сауда үстемесін көтергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы түсіндірді. Тауар бағасының өсуін, қымбатшылықты пышақпен кескендей тоқтату мүмкін емес қазіргі жағдайда халық тарығып қалмас үшін елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі мен олардың шекті бағасы белгіленген. Бұл тізімде бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрапты бидай ұнынан пісірілген нан, макарон (өлшенетін), қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, майлылығы 2,5 пайыз сүт, майлылығы 2,5 пайыз айран, сары май, тауық жұмыртқасы, тұз және майлылығы 5-9 пайыз болатын ірімшік секілді 19 түрлі азық-түлік бар. Дүкендерде осы азық-түліктердің бағасы шекті нор-мадан аспауы қажет. Мұны бақылау үшін қалада тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіліп тұрады. Жиын барысында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, өз пікірлерін айтты.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА