Сары ауру сан соқтырмасын

«В» вирусты гепатит ауруының жасы-рын өту мерзімі 6 аптадан 6 айға дейін созылады, сондықтан ауру асқынған кезде анықталуы мүмкін және науқастың өзін қоршаған адамдарға ауру жұқтыру қаупі күшейеді. Ауырған адамның асқа тәбеті болмайды, лоқсиды, құсады, бауырдың тұсында ауырсыну пайда болады, буындары сырқырайды, 2-3 аптадан соң кіші дәрет қызарады, үлкен дәрет түссізденеді, әлсіздік пайда болып, бас айналады, көзі, бүкіл денесі сарғая бастайды, бауыры ісінеді, 12% жағдайда науқастар аурудың асқынуынан қайтыс болады. «В» вирусты гепатитпен ауырған науқастардың 40% кейін созылмалы гепатит, бауыр цирозы секілді бауырдың қатерлі дерттеріне шалдығады.
Дүние жүзінде екі миллиардқа жуық адам «В» вирусты гепатиттің вирусын жұқтырған деп есептеледі, жыл сайын екі миллион адам осы аурудың асқынуынан қайтыс болады.
«С» вирусты гепатит ұзақ уақыт емдеуді қажет ететін, ауру 80 пайыз жағдайда созылмалы гепатитке, 20 пайыз жағдайда бауыр циррозына апарып соқтыруы мүмкін. Аурудың жасырын өту мерзімі 20 күннен 150 күнге дейін созылады, сондықтан адам өзінің қай уақытта ауру жұқтырғанын білмей қалуы мүмкін. Ауру жіті немесе созылмалы «С» вирусты гепатитпен, әсіресе оның клиникалық белгілері анық байқалмаған адамдардан жұғады.
«В» және «С» вирустары бөлме темпе-ратурасында 3 айға дейін, тоңазыт-қышта 6 айға дейін, қатырылған қанда жылдар бойы сақталады. Ауру тарату көзі «В» вирусты гепатиттің жедел және созылмалы түрімен ауыратын науқастар, сонымен қатар вирус тасымалдаушылар. Қазіргі уақытта әлемде 350 миллионға жуық вирус тасымалдаушылар бар, олар өздері ауырмайды, бірақ вирусты тасымалдап, басқа адамдарға жұқтырады.
«В» және «С» вирусты гепатиттері бірінші кезекте жыныстық қарым-қатынас арқылы жұғады, яғни ерлі-зайыптылар арасында және кездейсоқ жыныстық қатынас болған кезде, сонымен қатар ортақ ине арқылы есірткі қабылдайтын нашақорлар жұқтырып алып, ауырады. Аурудың таралу жолдарының бірі парентеральды жол, яғни тексерілмеген донор қанын құю, дұрыс стерильденбеген медициналық және косметикалық құрал-дарды қолданғанда жұғады. Сонымен қатар, туыстары науқас адамның сүлгісін, тіс щеткасын, ұстарасы мен жөкесін, тырнақ әдемілейтін заттарын ортақ пайдаланғанда қарым-қатынас арқылы жұқтырады. Ауру анадан босанар кезде сәбиіне жұғады.
«В» және «С» вирусты гепатиттің өте жұқпалы екендігін ескере отырып, аурудан сақтану шараларына аса мән беру керек. Медициналық және косметикалық қызметке жүгінген кезде сақтау мерзімі өтпеген, герметикалық орамадағы, бір рет қолданылатын медициналық және косметологиялық құралдардың қолданылуына назар аудару, кездейсоқ жыныстық қатынастардан сақ болу, ортақ ине арқылы есірткі қабылдаудан бас тарту, үйде әрбір адам өзінің жеке жөке, тіс щеткасы, ұстара, сүлгі, тырнақ әдемілейтін заттарын пайдалану қажеттігін ескеру керек.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп, аурудан өзімізді және балаларымызды сақтандырайық.
Р.Искандарова,
Текелі қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының м.а.
Е.Целищева,
ШЖҚ «Текелі қалалық ауруханасы» МКК директоры