Тазалық таразысы

Сәрсенбіде отансүйгіш жігерлі жастар, «Жасыл ел» жасағының сарбаздары, еріктілер, сондай-ақ, қоғамдық қызметкерлер «Таза сәрсенбі» тазалық акциясына белсене қатысты.
Тазалық таразысы

Акция қала әкімі Бахтияр Өнербаевтың бастамасымен жастардың экологиялық, эстетикалық мәдениетін арттыру, оларды еңбекке, қоршаған ортаны таза ұстауға баулу және мәдени құндылықтарға тарту мақсатында ұйымдастырылып, оған 50-ден астам адам қамтылды. Акцияға қатысушылар Текелі шатқалындағы ең бірінші су тоғанынан бастап Веселая поляна көшесіне дейін қоқыстан тазартты. Жастар өз еңбектерімен қоршаған ортаны қорғаудың игі ісіне үлес қосқандарына дән риза.

 Текелінің тылсым табиғаты – еліміздің інжу-маржандарының бірі де бірегейі. Мұнда жыл бойы көптеген туристер демалады. Өкінішке орай, кей жағдайда табиғат анаға деген адамдардың салғырттық танытатыны көңіл көншітпейді.
 Оның дәлелі – пластик және басқа да тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орынға тастамау. Осындай кіршіксіз әлемге, тұмса табиғат сұлулығына мейіріммен қарап, аяламай, қалай ғана зардабын тигізеді екен адам баласы?! Қаланы ең таза және тартымды ету – бұл ортақ іс. Біздің әрқайсымыз осыған ұмтылуға тиіспіз. Өз балаларын белгіленген орындарға қоқыстарды тастауға, автокөліктердің терезелерінен темекі және бос бөтелкелерді тастамауға үйреткен абзал.

 Табиғатта демалғаннан кейін қоқысты жиып-теріп арнайы орынға тастауды әдетке айналдырыңыз. Осының барлығы да туған өлкеге, кіші Отанымыз – Текелі қаласына деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің көрінісі емес пе?!

                      Нұржан Махаббатқызы 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.