Дарындар дараланды

Дарынды ұл-қыздарды Текелі қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Тұғылбаев және «Жетісу дарыны» облыстық орталығының директоры Әлішер Башаров құттықтап, олардың әлі талай белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
Шара барысында жомарт жүрекпен жас ұрпаққа қолдау көрсетіп келе жатқан қалалық Ардагерлер ұйымының төрағасы Ертай Дүйсебаев, аға нотариус Зәуре Ермұратова, «Текелі жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлжахан Қоштаева, Алматы облысы іскер әйелдер қоғамдастығының жетекшісі Светлана Онғарбаева, жеке кәсіпкерлер Мағрипа Слямқызы, Алексей Тютяев, Әлия Рахимбаева, Ерназ Рахметов, Рашид Хамитов, ата-аналар комитетінің төрағасы Арман Қожабек, №2 орта мектебінің директоры Айдын Маликов және №1, 7 орта мектебінің ұжымдарына алғыс жарияланды.
Сахнаға пән олимпиадаларының 24, «Дарын», «Зерде» ғылыми зерттеу жобалар байқауының 15, мәнерлеп оқу сайыстарының 17, музыка, ән, би, қолөнер байқауларының 10 және спорт жарыстарының 27 жеңімпазы топ-тобымен шоқ жұлдыздардай жарқырап көтерілгенде олардың залда отырған замандастарының, ата-аналар мен ұстаздарының қошаметі көңіл-күйді тіпті аспандатып жіберді. Дарынды оқушылар атынан сөз сөйлеген №5 орта мектебінің биылғы түлегі Сұлушаш Нұрсавулити терең білім мен тәлімді тәрбие берген ұстаздарға алғысын жеткізіп, оқушы достарына талмай ізденіп, ерінбей еңбектенген адамның қашанда діттегеніне жететінін айтып, жігер сый-лады.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА