Ұлы дала айбыны

Егемен еліміздің ең қастерлі құндылықтарының бірі – Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдық мерейтойы ел көлемінде салмағымен, салтанатымен, бастысы, әр азаматтың жүрегіне ұялаған жылы ілтипатпен әдіптеліп аталып өтуде. Мемлекеттік рәміздер күнінде бұл құрмет арнасын кеңейтіп, айдындала түсті.
Ұлы дала айбыны

Елордада Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған Мемлекеттік Ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел-жұртты мерекемен құттықтап, былай деді: «Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал, өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған Тәуелсіздік туы желбіреді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы».

Иә, баба арманына қол жеткізген бүгінгі ұрпақ бақытты. Енді сол бақыттың баян-дылығын күйттейтін уақыт жетті. Елдігімізді, бірлігімізді айқындайтын құндылықтарды мақтан тұтып қана қоймай, қай жерде де қадірлеуге, бағасын түсірмеуге, қылау қондырмауға тиіспіз. Мемлекеттік Туға, Елтаңба мен Гимнге деген құрмет әр сәбидің санасына орнығып, жүрек лүпілімен ұштасса, бұл оның болмысына өмір бойы серік болып қалады. Бұл тұрғыда Мемлекеттік рәміздер күнінде ұйымдастырылатын патриоттық рухтағы шаралардың мән-маңызы ерекше.

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнінде Мемлекеттік Гимнді бір уақытта орындау бойынша өткен республикалық флешмобқа текеліліктер де үн қосты. Ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері, спортшылар және жастар Мемлекеттік Гимнді зор мақтанышпен шырқады. Туған елдің алтындай жарқыраған Елтаңбасы мен көк байрағы менмұндалап, елдіктің асқақ рухы Гимн әуенімен ұласып, ұлы дала төсін тербегендей болды. «Менің туым – менің мақтанышым!» челленджіне қатысқан үлкен-кішінің де жанарынан от, жарқын келешекке деген ұмтылыс байқалды. Елдіміздің айбыны болған рәміздердің мерейтойына арналған шаралар жыл бойы жалғасады.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.