Балғын шақтың бақыты

Мәдениет үйінде өткен шарада қала әкімінің орынбасары Б.Тұғылбаев бүлдіршіндерге жылы лебізін білдіріп, балалықтың бақытына кірбің түспеуін тіледі. Өнерлі жеткіншектер ән мен биден шашу шашты. Балалар шығармашылығы орталығы суретшілерінің картиналары көрмеге қойылды. Қалалық кітапхана ұжымы асфальтқа сурет салу байқауын ұйымдастырды. Ерікті жастар мектеп жасына дейінгі балаларға бір бөлек, оқушыларға бір бөлек көңілді старттар ойынын өткізді. Мерекеге қатысқан балалар марапатталып, тәттілер мен балмұздаққа қарық болды.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға деген қоғамның ілтипаты, мейірімі айрықша болуы заңдылық. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі мүгедек балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің ұйымдастыруымен ерекше балаларға да көңілді кеш арналды. Жастар ресурстық орталығы, Текелі кәсіптік колледжінің еріктілері, Балалар шығармашылығы орталығының өрендері ән салып, би билеп, қойылым көрсетсе, қалалық полиция бөлімі, «Пягай» жеке кәсіпкерлігі, «Болашақ», «Астана» дүкендері сый-сияпатқа бөледі. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің өрендері де мерекелік көңіл-күйге бөленіп, тәтті сыйлыққа ие болды.
Қалалық аурухана мен емхана ұжымы да балапандарды қуантты. Балалар ақ халатты дәрігерлердің құттықтауын қабыл алды. Емханаға келген балаларды ертегі кейіпкерлері қарсы алып, дәруменге толы жеміс-жидек, әдемі шарлар сыйлады.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА