Ерліктің рухы өшпейді

Текелідегі Даңқ монументінің алдына жиналған жұртшылық қаламыздағы Ұлы Отан соғысының көзі тірі жалғыз ардагері Михаил Абрамович Тыщенко, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертай Дүйсебаев, қала әкімі Батыр Молдахметов, қалалық мәслихат хатшысы Николай Калиновский бастаған лекпен ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Отан қорғау жолында жандарын пида еткен сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мәңгілік алау өшпес ерліктің кепіліндей лапылдап тұрды. Даңқ монументінің қос қапталындағы соғыста қаза болғандардың есімдері жазылған тақтатасқа ерекше назар ауды, қаз-қатар тізілген жазулар текелілік батырлардың бұзылмаған сапындай сәнді әрі қаһарлы көрінді.
Бір қауым текелілік соғысқа қатысқан аталары мен әкелерінің суретін мақтанышпен, ерекше ілтипатпен алып жүрді.
Мәдениет үйінің өнерпаздары сұрапыл жылдардың салқынын сездіріп, от пен оқтың ортасында қалған жауынгерлердің мызғымас рухын, батырлығын дәріптеп, көрініс көрсетті, патриоттық сезім, қайтпас қайрат, сағыныш пен мұң тұнған әндерді шырқады.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА