Баспана бақыты

«Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған бес қабатты жалдамалы үй пәтерлерінің тең жартысы көп балалы аналарға, қалғаны жетім балаларға және бірінші, екінші топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар секілді халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз топтарына берілді. Үйді салған мердігер – «Шымыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ә.Оңғарбекова мен қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А.Салғараев жаңа пәтер иелеріне жылы лебіздерін арнап, жаңа үйдің лентасын қию рәсімін жасады. Бұған дейін пәтер жалдап келіп, енді өз пәтерлерінің босағасынан аттаған аналар да, балалар да қуанды. «Күміс алқалы» ана, ұстаз Лимара Тоқтарқызы: «Мұны балаларымның несібесі ғой деп ойлаймын. Бізге осындай бақ бұйыртқан мемлекетімізге рахмет. Әр қазақ баспаналы болсыншы», – деп ақ тілегін арнаса, екі баланы жалғыз өсіріп отырған Динара Базарбаева: «Кезегім келіп, пәтер алатынымды білсем де, қолыма кілтімді алғанша ешкімге айтпадым. Енді сүйіншілеп жатырмын. Қуанышым шексіз», – деп ағынан жарылды. Енді жаңа үйдің сапасы сыр бермей, пәтер иелерінің қуанышы ұзағынан сүйіндірсін дейміз. Текеліліктер пайдалануға берілуі кешеуілдеп жатқан тағы бір 40 пәтерлі жалдамалы тұрғын үйдің қоныс тойын күтіп жүр.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА