Дала төсінде науқан

Көктемнің әр күні – жылға азық. Мұны қара жерді идіріп, дала төсін дүбірге бөлеп, өнім алу үшін маңдай терді аямайтын еңбекшілер қауымы ерекше түйсінеді. Жер бауыры жібісімен диқандарда демалыс жоқ. Текелілік шаруалар да көктемгі егістік жұмыстарына қызу кірісті.
Дала төсінде науқан

Текелі шағын қала болғандықтан, егістік жердің көлемі де үлкен емес. Қалаға қарасты Рудничный ауылымен қосқанда Текелідегі жалпы тұқым себетін жердің аумағы – 669 гектар. Биыл 236 гектарға дәнді дақылдар, 31 гектарға майбұршақ, 267 гектарға картоп, 15 гектарға қант қызылшасы, 115 гектарға көкөніс, 5 гектарға азықтық дақылдар себу жоспарланған. Қазіргі таңда егістік жерлер толығымен жыртылып, тұқым себу жұмыстары басталып кетті. КазАгроЭКС зертханасынан дәнді дақылдардың және сояның тұқымы сараптамадан өтті.

«Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 542,9 млн. теңгені құрайды» деп мәлімет берген Текелі қаласының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінен шаруа қожалықтарын жанар-жағармаймен қамту мәселесін сұрадық. Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 5 тон-на арзандатылған бағамен дизель отынын бөлген екен. Дизель отынын алғысы келетін агроөнеркәсіптік кешен субъектілері қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне өтініш беріп, Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасымен шарт жасасқан ұйымнан арзан бағаға сатып алады. Жалпы егіс жұмыстарына 9 бірлік ауыл шаруашылық техникасы тартылған.

«Өсербаев» шаруа қожалығының иесі Мұрат Өсербаев: «Биыл 226 гектар жерге бидай тұқымын егіп жатырмыз. Бүгін-ертең себу жұмыстары аяқталып қалады. Жанар-жағармайдан тапшылық көрген жоқпыз. Техниканы ірі шаруалардан жалға аламын. Алдағы уақытта «ҚазАгроҚаржы» ұйымы арқылы жаңа техника алуды көздеп отырмыз. Былтырғы өнім орташа болды. Бидайымызды Қапшағай, Үштөбе, Сарыөзектегі диірмен комбинаттары алды. Ал келер жылы арпаның ашытқы жасауға лайықталған сұрпын егуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін алдымен жерді тыңайтып, жаңа технологияларды игеріп, жақсы өнім алу жолдарын саралап жатырмыз»,– деді. «Суффле Қазақстан ашытқы зауыты» АҚ шикізатты жан-жақтан алдырып отырған уақытта жергілікті шаруа қожалықтарының ашытқы өндіруге пайдаланатын арпа өсіруге бет бұрғаны жақсы бастама.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.