Еңбектің наны тәтті

Ел аумағында «Жасыл ел» жасағы алғаш рет 2005 жылы қолға алынған. Сол уақыттан бері бағдарлама жазғы уақытта жастардың демалысын тиімді өткізіп, қосымша қаржы табуын қамтамасыз етіп келеді. Қала аумағындағы саябақтар мен қоғамдық орындарды көгалдандырып, гүлдендіру үшін бүгінде еңбек жасағына 10 жас жұмылдырылып отыр. Сондай-ақ, еріктілер де тартылған. Жасылелдік сарбаздар санитарлық талаптарға сай маска, қолғап киген. Таңғы сағат 8.00-ден кешкі 17.00-ға дейін қала аумағын көріктендіріп, көгалдандыру үшін тер төгеді.
Досжан Тұрсын, №5 орта мектебінің 10 сынып оқушысы:
Біз сияқты жастардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып еңбексүйгіштікке, тазалыққа тәрбиелейтін бағдарламаның бар болуы мен үшін қуаныш. «Жасыл елде» жұмыс жасап жатқаныма биыл екінші жыл. Жұмыс айтарлықтай ауыр емес. Барлығымыз бір үйдің баласындай берілген тапсырманы бірлесіп орындап тастаймыз. Қазір Көктөбедегі бақылау алаңындағы қоршауды сырлап, арамшөптен тазартып жатырмыз. Қала жастарын адал еңбек етіп, ойы мен бойын қатар дамытуға, еңбекшіл болуға шақырамын. Еңбектің наны тәтті.
Нұржан Махаббатқызы