Ардагер 92 жаста

Қала әкімі Б.Өнербаев, мәслихат хатшысы Н.Калиновский және қалалық жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері бұл күні Михаил Абрамовичті төл мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Естелік сыйлықтар мен гүл шоғын тарту етті.
М.Тыщенко 1944 жылы небәрі 17 жасында Кеңес әскерінің қатарына шақырылған. Үш айлық пулеметшілер курсын бітіріп, аты аңызға айналған «Максим», Дегтярев пулеметі мен басқа да техниканы игерді. Майданда Белорусияда, Польшада және Литвада соғысқан. Жауынгерлік еңбегі үшін «1941-1945жж ҰОС Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған, көптеген мерейтойлық медальдары бар. Текеліге Сарқанд ауданынан 1951 жылы келіп, бірден қорғаныс-мырыш комбинатына орналасады. Кондуктор, машинист көмекшісі жұмыстарын атқарып, зейнетке шыққанша электрпойыз машинисті қызметін атқарды.