Тамырымен талқандалуы керек

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық субьектілеріне мемлекеттік міндеттер атқаруға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдар жауапты. Сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе өзге де жолмен жемқорлықты құрықтауға жәрдемдескен адам мемлекеттің қорғауында болады.
Тамырымен талқандалуы керек

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң 4 тараудан тұрады: жалпы ережелері, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықпен және ол үшін жауаптылық, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтардың зардаптарын жою туралы. Бұл заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрністерінен туындайтын қауіп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын-алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кінәлілерді жауапқа тарту арқылы мемлекеттік органдардың, мемлекеттік міндеттерді атқаратын лауазымды және басқа адамдардың тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерін, жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгілейді.

Сыбайлас жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметші құқық қорғау органының ұсынуы бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылады немесе тиісті міндеттерді атқарудан босатылуға дейін жазаланады. Сыбайлас жемқорлық тек парамен ғана шектелмейді. Бұл жолдағы күресті алдымен сыбайластың өзінен бастау керек. Сыбайластың тамырына балта шабылса, жемқорлықтың да жолы кесілері анық. Сыбайлас жемқорлықтың өршуіне алдымен жерлестік, тамыр-таныстық байланыстар ықпал етеді. Лауазымды орынға әлдекімдердің демеуімен келген біліксіздер, қызметі арқылы түрлі тәсілмен өз мәселесін шешетіндер – жемқорлықтың нағыз бастау алар тұсы.

Сыбайлас жемқорлық, әсіресе, мемлекеттік билік органдарында қауіпті. Мұндай жағдайда ол биліктің монополиясын, мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдау өкілеттігін күшейтеді. Сол арқылы мемлекеттік жүйенің барлығын бұзады, мемлекеттік билік беделінің және мемлекеттік қызмет абыройының құлдырауына ықпал етеді. Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдастырылған қылмыс экономиканың дамуына кедергі жасайды.

Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті. Жалпы, ел ертеңі үшін елеңдейтін әрбір саналы азамат жемқорлықты ауыздықтау ісінде өзінің жеке үлесін қосқаны абзал.

Меруерт Еселбаева, Текелі қалалық сотының маманы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.