Іскер әйелдер бас қосты

Бір қолымен бесігін тербетсе, екінші қолымен әлемді тербететін әйел адам қай іске де тиянақтылықпен, жанашырлықпен, мейіріммен қарауға бейім. Сол себепті қоғамның олар араласпайтын саласы жоқ. Кәсібін дөңгелетіп отырған іскер әйелдер қаладағы мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған, әлжуаз топтағы қыз-келіншектерді қатарға тартып, олардың да кәсіп үйреніп, кездескен кедергілерді жеңіп, мемлекеттік қолдауларды пайдаланып, өз күштерімен нәпақа табуына жөн сілтеуді жұмыс жоспарына енгізді. Сонымен қатар, мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырып, жас буынның адаспай кәсіп таңдауына ықпал етуге, ертең жұмыссыз қалмаудың қамын бүгін ойлауға түрткі болуға ден қойды. Отбасылық туризмді дамыту, бұған дейін қолға алынған қайырымдылық акцияларын жалғастыру, кәсіпкер әйелдердің сұраулары бойынша тәжірибеге бай, жан-жақты білімді, ықпалды кәсіпкер, заңгер, психолог мамандарды шақырып, ақыл-кеңестеріне жүгіну секілді шаралар да аталған кеңестің жыл бойғы күн тәртібінен орын алды. Бүгінгі таңда Текелідегі Іскер әйелдер кеңесінде 18 мүше бар. Жұмыс ауқымын кеңейте түсу үшін бұл қатарды толықтыруға да маңыз берілді.
Жиын барысында «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Т.Жұмаділов, Алматы облыстық Іскер әйелдер кеңесінің өкілдері С.Оңғарбаева, А.Оңғарбаева, «Алтын адам» Жетісу шеберлер одағының жетекшісі Д.Бакирова, Көксу аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы С.Утешбаева өз ұсыныстарын айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Белсенді текелілік іскер ханымдар «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Алматы облыстық филиалының Алғыс хатымен марапатталды.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА