Ел тілегі депутат назарында

​8 ақпан күні Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Жанболат Әкебайұлы Жөргенбаев Текелі қаласының азаматтарын қабылдап, ұсыныс-тілектерін тыңдады, түйткілді мәселелерді түртіп алып, оңтайлы шешілуін өз қадағалауында ұстайтынын айтты. Қабылдауға Текелі қалалық мәслихатының хатшысы Николай Калиновский, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Константин Нестеров және бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.
Ел тілегі депутат назарында

Облыстық мәслихат хатшысының қабылдауына келген азаматтар түрлі саладағы мәселені қозғады. Сауалдардың көпшілігі жеке бастың шаруасы емес, қаланың өсіп-өркендеу жолындағы кедергілерді жою амалдарын қарастыруға негізделді. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа жолданатын қоғамдық жұмысшылардың бригадирі өздерінің қала тазалығы үшін тер төгетінін, бірақ биыл қоғамдық жұмысшылар қатары айтарлықтай азайғанын және қаңтар айының еңбекақысын әлі алмағандарын айтып, жұмысшылар санын былтырғы деңгейге жеткізуге, жалақының уақтылы төленуіне жәрдем көрсетуді сұрады. Дәл осы мәселемен тағы екі адам жүгінді. Ж.Жөргенбаев тиісті мекеме басшыларымен сөйлесіп, ақпанның соңына дейін екі айдың еңбекақысы толық, ал наурыздан бастап уақтылы төленетінін жеткізді. Сонымен қатар, облыстық мәслихат хатшысы өте аз мөлшердегі айлығын елдегі ең төменгі еңбекақы мөлшеріне дейін көтеру, «Достық» шағынауданы Күншығыс көшесінде су құбырлары мен кәріз жүйесі жаңартылғаннан кейін жолдың қазылған асфальт қабатын қалпына келтіру, қалалық зиратқа апаратын жолды жөндеу, мемлекеттік сатып алу бойынша қаржының жыл басынан бөлініп, кез келген жұмыстың күзге салым емес, жыл басынан басталуын қадағалау және жұмыс аяқталған соң қабылдау комиссиясына тәуелсіз сарапшыларды тарту, тұрмыстық қалдықтар полигоны мәселесін реттеу, айнала СЭС салынған қалада электр тарифін төмендету, таудағы қазба жұмыстары, СЭС салу кезінде зақым келген тауларды табиғи қалпына келтіру бойынша талап-тілектерін айтқан әрбір азаматқа қойылған сұрақтарының жауабы мен дұрыс шешімін хабарлауды өз назарында ұстайтынын айтты. 

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.