Сапаға және жұмыспен қамтуға басымдық

Өткен аптада облыстық қоғамдық бақылау комиссиясының өкілі Серік Мұқанов қаламызда болып, қалалық қоғамдық бақылау комиссиясы мүшелерімен «Достық» шағынауданында күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан көшелердің және «Алатау» шағындауданында бой көтеретін екі тутұғырдың құрылыс жұмыстарымен танысты. Жұмыс тобы алдымен «Достық» шағынауданында болды.
Қонаев көшесі қалаға кіретін және туристік аймақтарға баратын басты жол болғандықтан, жолдың сапалы әрі стандарттарға сай болуы – қонақтар мен саяхатшылардың қала туралы көзқарасын қалыптастыратын алғашқы және маңызды түйін. Осы көшенің «Достық» шағынауданындағы 1400 м бөлігін жөндеуден өткізіп жатқан мердігер компания бұған айрықша мән беруі керек. Сонымен бірге, шағынауданда соңғы жылдары кәсіпкерлік нысандар ашылып, көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Сондықтан, мұндағы инфрақұрылымдарды заман талабына сай жаңғыртуға басымдық беріліп, биыл Әл-Фараби, Достық, Орақты батыр, Жансүгіров секілді көшелер күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
«Алатау» шағынауданында бой көтеретін тутұғыр өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде маңызды мәнге ие. Оның осы қасиеті айшықты һәм айбынды келбетінен де көрініс табатын болады. Осылай деген қала әкімі Бахтияр Өнербаев биыл жөндеуден өткізілетін барлық нысандар бойынша жан-жақты мағлұмат беріп, халық мүддесі көзделген аса маңызды мемлекеттік бағдарламаның ойдағыдай жүзеге асуына барынша күш салынатындығын жеткізді.
С.Мұқанов жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көзімен көріп, мердігер компаниялардың басшыларын жауап-кершілікті сезіне отырып, халық үшін қалтқысыз еңбек етуге шақырды. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарына қала тұрғындарын тартуға басымдық беру, жұмысшылардың еңбек келісім-шарттағы құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етудің маңыздылығын еске салды.