«Қолымның қисық жері»

Қонақ бөлмеде ойнап жүрген кенжем қасыма жылап келді, құлап қалғанын айтып шағынды. – Келе қойшы, еркем, қане, қай жеріңді ауырттың, – деп маңдайынан иіскеп, еркелетіп, уатып жатырмын. Мен еркелеткен сайын ол ботадай боздап, сәл қызара қалған шынтағын көрсетіп: – Қолымның қисық жерін үстелдің қырына соғып ал-дым, – демесі бар ма. – Не дейді мынау?!
«Қолымның қисық жері»

Даусым қатты шығып кетті, білемін, манадан бері кенженің жылағанына құлағын түріп, ас бөлмеде жүрген әйелім менің жарқаштана шыққан дауысымнан соң, екі көзі алақандай болып, жатын бөлмеге жүгіре жетті:

– Не боп қалды, не болды қолыңа, балапаным, – деп қолынан сүйіп, аударып, төң-керіп қарап жатыр.

Менің даусымнан, шешесінің мына сүрепетінен енді баланың өзі қорқайын деді. Жылағанын қоя қойып, шешесін жұбата бастады:

– Шеше, ештеңе де болған жоқ, аз ғана... енді ауырмады, – деп білегіне дейін түріп алған жеңін түсіріп жіберіп, қызарып қалған «қолының қисық жерін» шешесінен жасырды.

Көзі жетіп, көңілі орнына түскен әйелім енді маған дүрсе қоя берді:

– Шынтағын сәл ғана сүріп алғанға сонша айқайлап не көрінді, жүрегімді алдың ғой?!

Қорыққаны, маған таңдан-ғаны, ашуланғаны аралас көңіл күйі секілді әйелімнің өң әлпеті де біртүрлі құбы-лып, ашық та, бұлтты да емес, шаңытқан аспандай аң-тарылып маған біраз қарап тұрды да, шығып кетті.

Мен көпке дейін оңала алмадым. Баламның шынтағын «қолымның қисық жері» деп атағанына қайран қалдым. Шынымен де, қолымыз бүгілгенде шошая қалатын шынтағымыз ағаш бұтағының қисық жері секілді ғой. Тілі шығып, айналасындағы заттар мен құбылыстарды көңіліне тоқи бастайтын бала санасы, егер үлкендер айтып, түсіндіріп отырмаса, нені көрсе және оны қалай елестетсе, соған сай ұғым қалыптастырады екен. Сонда баламыз 5 жасқа келгенше оған «шынтақ» деген сөзді түсіндіріп айтпаған болып тұрмыз ғой! Солай, солай болыпты! Міне, осы шындықты баламыз біздің бетімізге басып тұрған жоқ па?! Шынтақты білмеген бала тобықты қайдан білсін! Бұғананы, шынашақты... тынысым тарылып кетті.

Біз баламыздың қолының, аяғының, басқа да дене мүшелерінің жарақаттанып қалу-
ынан қатты қорқады екенбіз де, оның ана тілінің жұлған тырнадай жұтап қалуынан қорықпайды екенбіз. Біз баламыздың денсаулығы мықты, кескіні келбетті болуы үшін бар жағдайды жасайды екенбіз де, оның тілінің өткір, сөздік қорының бай болуына мән бермейді екенбіз.

Біз түзелмей, ұрпақтың тілі түзелмес!

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.