Отандық өндірісті қолдау

Қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрысбек Жұмаділов, сондай-ақ, қаладағы бизнес өкілдері қатысқан дөңгелек үстелде аталған банк филиалының директоры Максим Каркавин, филиал директорының корпоративтік бизнес жөніндегі орынбасары Рената Измайлова және филиалдың бизнес-клент офисінің RM менеджері Дінмұхамед Әбілбай қатысып, банктің шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларымен, сонымен бірге көрсететін қызметтерімен таныстырды.
Кездесу барысында банк өкілдері алдымен, аталған банк қаржыландыратын «Бизнестің жол картасы - 2020-2025» және «Өндіріс» бағдарламасының барысын, бизнесті несиелендіру бойынша қажетті шарттары мен талаптары жайында түсіндірді. Жол картасы бойынша банк бизнесті 2 бағытпен қаржыландырады. Бірінші бағытта кредит 17,5 пайызбен 20 млн.теңгеге дейін беріледі және Даму қоры оның 11,5 пайызын субсидиялайды. Бизнес-жобаға қажетті қаржыны алу үшін кепілдік – міндетті. Ол жылжымайтын мүлік, банктегі ақшалай салым немесе өндіріске қажетті құрал-жабдықтар, өндірілген өнімдер болуы мүмкін. Айта кетерлігі, кепілдік заттың 85 пайызына Даму қоры сенім білдіре алады.
Екінші бағыт бойынша банк кредитті 14,5 пайызбен береді. Даму қоры оның 8,5 пайызын субсидиялайды және кепіл заттың жартысына, 50 пайызына дейін сенім білдіреді. Ал, «Өндіріс» бағдарламасымен өндіріс саласындағы компаниялар қаржыландырылады. Кредит алушының жеке кәсіпкер ретінде кем дегенде 6 ай жұмыс істеп тұрған өндірісі, жеке шаруашылығы болуы керек. Егер ол жаңадан кәсіп ашқысы келсе, онда өзіне басқа бір жұмыс істеп тұрған бизнес объектісінің өкілі сенім білдірсе, банк оның да өтініштерін қарастырады. Кредиттердің көлемі бизнес өкілдерінің айналысатын кәсібіне, бизнесіне байланысты айқындалады. Мерзімі де әртүрлі. Айталық, ақша айналымын жақсартуға байланысты, мысалы дүкенге тауар сатып алуға қажетті сома 36 айға, ал, өндіріске қажетті құрал-жабдық, мысалы жүк көлігін сатып алуға, сондай-ақ, жөндеу жұмыстарын жүргізуге 84 айдан 120 айға дейін уақыт қарастырылған. Бұл кредит 6 пайызбен беріледі.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ