Әлеуметтік жағдайды жақсарту – басты міндет

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 27 сәуірде жариялаған мәлімдемесінде: «Біз қазірден бастап дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалуымыз керек. Бұл жөнінде Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің 4 сәуірде өткен отырысында нақты айтты. Үкімет пен Ұлттық банк 11 мамырға дейін Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды дайындайды. Онда дағдарыстан зардап шеккен салаларға қолдау көрсету шаралары қамтылады» дей келіп, еліміз алдағы уақытта экономикалық-әлеуметтік дамудың мүлде жаңа бағытына қадам басатынын атап айтқан болатын.
11 мамырдағы мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сол меже ақиқатқа айналды. Себебі, төтенше жағдай алынғанымен, індеттің беті әлі қайтқан жоқ. Қазір мемлекеттер арасындағы экономикалық қатынастар бәсеңдеп тұр. Демек, біз бетпе-бет келген дағдарысты ішкі мүмкіндіктерімізді жан-жақты дамыту арқылы еңсереміз. Бұл әлеуетімізді арттыруға зор мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға 5,9 триллион теңге бөлетін болды. Қомақты қаржы халықты жұмыспен қамтуды ұлғайтуға, ай сайынғы кірісті жоғалтуына байланысты төлемдерге, әлеуметтік төлемдерге, тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталады. Тек жұмыспен қамту жол картасын қаржыландыруға 1 триллион теңге бөлінді. Осы қаржы арқылы өңірлерде инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, 255 мың жұмыс орны ашылады.
Әкімдіктің кіші мәжіліс залында өткен жиында қала әкімі Б.Өнербаев Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды дер кезінде және сапалы жүзеге асыруға, халықты жұмыспен қамтып, экономикалық-әлеу-меттік жағдайды қалпына кел-
тіруге барынша күш салынатындығына баса мән берді.
Қаланы абаттандыру, жолдарды, көшелерді күрделі жөндеуден өткізу, аулаларды, балалар ойын алаңдарын жөндеу бойынша құрылыс жұмыстарына қала тұрғындарын тартуға басымдық берілетіндігін айтқан қала әкімі мердігер компаниялардың осы түйінге баса назар аударуы керектігін, әсіресе, мемлекеттің қаржысын тиімді пайдаланып, сапаға мән беруі, міндетіне алған құрылыс жұмыстарын келісімшартқа сай уақытында бастап, дер кезінде аяқтау, сонымен бірге, жолдардың астынан өткізілетін электр, су құбыры секілді инфрақұрылымдарды тұрғындар да, заңды тұлғалар да жол құрылысынан бұрын жөндеп алулары, жолдар жөнделіп, асфальтталған соң оны қайта қопаруға қатаң ты-йым салынатындығын ескертті. Сонымен бірге, атқарылатын барлық жұмыстардың сапасын қоғам белсенділері де қадағалап, атсалысатындығын жеткізді. Елімізде екі айға созылған төтенше жағдай режимінің аяқталғаны, алайда, індеттің қаупі әлі де толығымен сейіле қоймағаны, сондықтан, өз жұмысын бастаған кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, жалпы қала тұрғындары барлық сақтық шараларын сақтау, көшеде, сауда орындары мен шағын дүкендерде, шаштараз секілді қызмет көрсету орындарында, көлікте маска тағу, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, топтасып жиналмау, тазалыққа барынша мән беру секілді қарапайым ережелерді күнделікті дағдыға айналдыру керектігін еске салды.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ