Отаншылдықтың басты белгісі

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтқан «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады» деген сөзі көп адамды қамшылауы керек.
Отаншылдықтың басты белгісі

Болашақ. Отан. Қазақ тілі. Осы үш сөз әлі де елім, тілім деп жүрген әрбір қазақтың басты мәселесі болып келеді. Неге? Қазақ тілін жаңғыртуда қаншама іс-әрекет жасап, заң шығарып, түрлі шаралар ұйымдастырудамыз. Соның нәтижесі қандай? Нақты ісіміздің жемісін көру үшін, тағы қандай әрекет жасау керек. Ата заңда мемлекеттік тіл мәртебесін ана тіліміз – қазақ тілі алады. Десе де, орыс тілінің басымдығы байқалады. Әсіресе, Қазақстанның солтүстік өлкесінде осы көрініске куә боласыз. Тіптен ұлты орыс деп орысша тілдессең, қазақша сайрап, қазақ деп сөйлесең,  орыс тілінде жауап қататындар бар. Бұдан не түйесіз... Осылай жалғаса берсе, өскелең ұрпақтан не күтеміз? Қазақ тілінің рухын көтеріп, өзге елге  қалай мәшһүр етеміз? Болашағымыз жарқын болуы үшін төл тілімізді асқақтатып, жүрген жерімізде жария етіп жүруіміз керек. Сонда дүйім жұрт, өзге елдер де тамсана қабылдайтын болады. Қазақ тілі ең ыңғайлы әрі тілі жұмсақ, ұғынуға түсінікті тіл болып табылады. Осыны өзге ұлттан бұрын өз жұртымыз түсінсе, нұр үстіне нұр болар ма еді.

Қазақ тілінің қадірін арттыру, жас ұрпақтың санасына мемлекеттік тілдің маңызын сіңіру, ана тіліміздің бай да көркем қуатын дәріптеу жолында сан мыңдаған ұстаздар тер төгіп келеді. Оған нақты істер дәлел. Қыркүйек айының 8-22 аралығында қала мектептерінде «Тіл деген алып мұхит, түбі терең» тақырыбында сынып сағаттары, «Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» атты көрме, «Тіл – алтын қазына» тақырыбында қабырға газетін шығару, «Орыс тіліне саяхат» сайыс сабағы, «Тіл – ұлттың жаны»» интеллектуалдық сайыс, «Бір шаңырақ астында» сыныптан тыс іс-шара, «Тілім менің – тірлігімнің тірегі» атты «Ең үздік шығарма» байқауы, «Үш тұғырлы тіл – ұлт келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тіл білгірлері сайысы өтті. Әр шараға ұстаздар жауапкершілікпен қарап, нәтижелі болуына назар аударды.

Қазақ тілі – қазақ жұртының абыройы, асқақ рухы. Осы рухты асқақ-татуға үлес қосуымыз керек. «Өзге тілдің бәрін, өз тіліңді құрметте!» деген Қадыр Мырза Әлі ақынның дана сөзін ұмытпайықшы.

Күланда ЕСБОЛОВА, №8 орта мектебі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.