Қазыналы ақсақал

Адина Ибрай, №6 ОМ, 4 сынып оқушысы
Қазыналы ақсақал

Менің майдангер атам Алдамқұл Ибраев сұрапыл соғысты да, жеңісті де, кейінгі бейбіт өмірді де көріп, соғыстан кейін күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге тер төгіпті. Кеудесінде ордендерін жарқыратып түскен суретін көріп, тамсана қарап, мақтанышқа бөленемін.

Атам туралы маған анам көп айтады. 1912 жылы дүниеге келген батыр атам небәрі 30 жасында соғысқа аттаныпты. Саратов, Харьков маңындағы соғыстарға қатысқан екен. Ұлы Отан соғысының екінші дәрежелі орденімен марапатталыпты. Соғыста қолынан, аяғынан жаралы болса да,  1944 жылдың соңында ғана елге оралып, 90 жасқа дейін өмір сүріпті.

Өте еңбекшіл, туыс-туғанды жақсылыққа, әділдікке, мейірімділікке, адамгершілікке үндеп, адал еңбекпен ғана өмір сүрген атам елге оралған соң мал шаруашылығымен айналысып, совхозда көп жыл еңбек етіп, қой бағады. Әрі дін жолын ұстанған атамыз жеңіске жетуіміз бірінші Алла, одан кейін Отанға деген адалдықтың арқасы деп жиі айтады екен. Ол кісі соғыс туралы айтқан кезде көзіне еріксіз жас алып, өскелең ұрпақ балалары, немере-шөберелері, қазақ елі тек қана бейбітшілікте өмір сүрсе екен деп тілек тілеп отырады екен. Оның ерлігі ұрпағына абырой, патриоттық үлгі-өнеге береді.

Апам Алима Құлтайқызы да адалдықты жаны сүйетін, өте қарапайым адам болған екен. Бүгінде атам мен апамның екі ұл, екі қызынан 21 немере, 34 шөбере тараған. Жауынгер атамыздың кемел мінезі, келісті келбеті мәңгі жадымызда. Марқұм атамның рухы риза болып, жаны жәннатта болғай!

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.