Көктеммен бірге жаңарды

Жеңіс күні қарсаңында Даңқ монументіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, маңайы абаттандырылуда.
Көктеммен бірге жаңарды

Биыл Жеңіске – 75 жыл. 1941-1945 жылдары болған фашизмге қарсы сұрапыл соғыста сол кездегі Кеңестер Одағының құрамында болған басқа да мемлекеттер қатарында қазақ халқы да ерекше ерлік көрсеткені тарихтан белгілі. Бес жылға созылған шайқасқа Қазақстанда жасақталған 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар аттанып, аса күрделі жер жағдайында, қатал табиғи ортада және жаудың күші шоғырланған қиян-кескі сұрапыл майданда ерлік көрсетті.

Соғысқа аттанған қазақстандықтардың саны 1 млн 200 мыңға жетсе, соның тең жартысы майданда ерлікпен құрбан болды. 528 адам ерен ерлігі үшін ең жоғары атақ – «Кеңес Одағының батыры» атағын иеленсе, мыңдаған қазақстандық жауынгерлер орден, медальдармен марапатталды. Бұл – жай сан емес, ерліктің, сіңірген еңбектің тасқа қашаған таң-басы. Аты тарихта қалған сол ерлеріміздің қатарында текеліліктер де бар. Даңқ монументіне қойылған гранит тақталарда Ұлы Отан соғысы мен Ауғанстан соғысы құрбандарының есімі қашалып жазылған.

Ерлік пен отаншылдық рухтың символы болған монументтің айбыны қашанда асқақ. Оған құрметпен қарау, келбетін сақтап, бояп, маңайын жасыл желекпен, гүлдермен көмкеріп, таза етіп ұстау – біздің азаматтық жауапкершілігіміз. Осы мақсатта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын қала әкімі күнделікті өзі қадағалап, сапасына мән беруде.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.