Асқар тауым, айбыным

Менің атам Али Битаев 1905 жылы Сарқан ауданы Садовый ауылында дүниеге келген. Колхозда жұмыс жасап жүрген жерінен 1941 жылы 36 жасында соғысқа аттаныпты.
Атам соғыс туралы айтуды жаратпаған екен. Бір әңгімесінде атам Славакияның Братислав қаласындағы қанды соғыс туралы айтып беріпті. Қалада жаулар мен біздің әскерлер соғысып от жаудырысуда. Атам сол екі үйдің арасында жатқан солдаттың денесін жеткізуге бұйрық алады. Қарама-қарсы үйде жау әскерлері аңдып отыр. Беліне арқан байлаған атам денеге жетіп, қолына қысып үлгергенде жаудың оғы жауып кетеді. Өлген солдаттың денесімен арқанға байланған атамды жауынгерлер тартып үлгерді. «Сондай қанды күресте үстімдегі тонымның терден су болып кеткенін кейін байқадым» деп әңгімесін күрсіне айтқаны балаларының есінде қалыпты. Бұл 1945 жылы екен. Атам жеңісті осы қалада қарсы алып, осы жылдың күзінде аман-есен Отанына оралады. Соғыс кезінде аяғына оқ тиіп жарақат алған. Атам Ұлы Отан соғысы кезінде «Қаһарман» орденімен марапатталған.
Біз атамыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз.