Әдеп жөніндегі кеңес туралы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері Агенттіктің алқалы органдары болып табылады. Әдеп жөніндегі кеңес өз қызметін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, Ережеге, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады және заңдылық, объективтілік пен әділдік, әдептілік, қоғамдық пікір мен жариялылықты ескеру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолдану қағидаттарын басшылыққа алады.
Әдеп жөніндегі кеңес туралы

Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттері:
1) сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шаралар әзірлеу;
2) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау;
3) әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Әдеп жөніндегі кеңес негізгі міндеттеріне сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындыларын қарау;
2) мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының қорытындыларын қарау;
3) қызметтік әдептің сақталуын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асыру кезіндегі әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің нәтижелерін қарау;
4) тәртіптік практиканы талдау қорытындылары негізінде мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелерін қарау;
5) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу нысандары мен әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;
6) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның, Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның, Агенттіктің ұсынымдарын қарау;
7) қызметтік әдеп нормаларын бұзуға, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген облыстардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қалалардың әкімдеріне, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдеріне, облыстық департамент, басқарма басшыларына, олардың орынбасарларына, аудандық, қалалық әкімдері аппараттарының басшыларына және аудандық, қалалық әкімдіктердің бөлімдерінің басшылары мен орынбасарларына, сондай-ақ дербес лауазымға орналасқан әдеп жөніндегі уәкілге қатысты тәртіптік істерді қарау.
Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысына келетін болсақ 2021 жылдың I жартыжылдығында Әдеп жөніндегі кеңестің 4 отырысы өткізіліп, 39 мәселе қаралды, оның ішінде 25 тәртіптік іс.
Тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 16 тұлғаға тиісті тәртіптік жазалар қолдану ұсынылды, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін - 1, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін бұзғаны үшін - 15.
Сонымен қатар, әкімдер мен өзге де басшыларға қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен қызметтік әдеп нормаларын бұзудың профилактикасына бағытталған шараларды жүзеге асыру бойынша Әдеп жөніндегі кеңеспен 14 ұсыным енгізіліп, барлығы орындалды.
Осылайша, Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын қатаң ұстануына, қызметтік тәртіпті нығайтуға бағытталған заңнамамен көзделген барлық шараларды қабылдауда және бұл жалпы халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттырады, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың міндетті шарты болып табылады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы

Ұлан Серікұлы Қалжанов

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.