Қиындықты бірге еңсереміз

Ел басына түскен ауыр сынақты ел болып біріккенде ғана еңсере алатынымызды «Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясы дәлелдей түсуде.
Қиындықты бірге еңсереміз

Жұқпалы індеттің жаппай таралуының алдын алу мақсатында жарияланған төтенше жағдай режимі тұсында бір-бірімізді қолдап, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына көмектесу сынды ізгі іс жалғасын табуда.

Қайырымдылық шараларынан қалыс қалмайтын «Баянбай» жеке кәсіпкерлігі өткен аптада көмекке мұқтаж 15 отбасын азық-түліктермен риза етті. «Жетісу шапағаты» қайырымдылық қорының мүшелерімен бірге Баянбай әулетінің немере-лері Рахим мен Рахман қарт кісілерге, көпбалалы отбасыларына азық-түліктерді жеткізіп берді.

Адамгершілікті игі шараға «Текелі көмек» (@tekeli komek) қоғамдық қоры да атсалысып, 25 отбасына азық үлестірді. 

Осы аптада «Nur Otan» партиясы «Болашақ» бастауыш партия ұйымы 100-ге келген қаламыздың тұрғыны Ефросинья Великанованы туған күнімен құттықтады. Партия белсенділері оның отбасына арнайы барып, қала әкімі Б.Өнербаевтың ізгі құттықтауын жеткізді, азық-түлік, тәтті-дәмділермен бала көңіл қарияны қуантты.

Ғасырды еңсерген қария өзіне деген ізгі құрмет пен қамқорлыққа дән риза болып, ағынан ақтарылды: «Мен көп жасадым, көпті көрдім. Халқымыз бұл күнге түп-түзу жолмен жеткен жоқ. Небір қиын замандарды басынан өткерді. Кез келген қиыншылықты  жұдырықтай жұмылған бірлікпен, таудай салмақты сабырлықпен, ерлік, еңбекқорлықпен еңсеріп отырды. Осындай қиын шақта бір-бірімізді қолдау бәрінен маңызды. Тағдыры, мүддесі мен мұраты бір халықтың алмайтын қамалы жоқ, мынау аты жаман аурудың салдарына да құрыштай берік бірлігімізбен жеңетінімізге сенемін» деп ақ батасын берді.

Қайырымды істердің басы-қасынан табылатын қалалық «Керімбек би» мешіті мен «Зекет» қорының қалалық өкілдігі осы бейсенбіде отбасында мүмкіндігі шектеулі жандар бар 12 жанұяға көмек көрсетті. «Әдетте қорғаныс қуаты әлсіз мүгедек жандар үшін қазіргідей төтенше жағдай кезінде азық-түліктермен бірге тазалыққа қажетті заттардың да жеткілікті болуы маңызды. Бізге азық-түліктер, сондай-ақ, түрлі сабындар, антисептиктер, маскалар әкеліп берген жомарт жандарға ризашылығым шексіз» дейді Амангелді Әуелбек. 

Қиын-қыспақта елдің игілігіне иіліп, барымен бөліскен, өз мүддесін көппен тоғыстырған ізгі жүректі көпшіл, жомарт азаматтарымызға деген ел-жұрттың алғысы шексіз. Ел разылығына бөленген жандардың алды қашанда жарық.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.