Жауын жеңген қатардағы жауынгерлер

Менің әкем – Елеусізұлы Байдүйсен Талдықорған қаласына жақын Өтенай ауылында 1912 жылы туған. Әкесі және ағасы Мұсабай 1928 жылғы байларды «кәмпескелеу» науқанына ілініп, Шу бо-йына жер аударылған екен. Сол кеткеннен осы күнге дейін еш хабарымыз жоқ. Әкемді Талдықорған қаласында тұратын Байғапанов Ырысбай және үш жастағы Елеусізов Ықсан Мұсабайұлын Шажабаев Нұрәділ деген кедей-батырақ ағайындары өз балалары ретінде құжатқа тіркеп, аман алып қалыпты. Ықсан, Шұбар ауылында (қазіргі Алдабергенов ауылы) оқып, өсіп, ержетті. 1943 жылы қаңтар айында сол Шұбар ауылынан соғысқа аттанып, 1951 жылы күзде аман-есен ауылға оралған екен.
Әкем Елеусізұлы Бай-дүйсен 1941 жылы шілде айында Талдықорған қалалық соғыс комиссариатынан әскерге алынып, Саратов қаласында әскери дайындық, оқу-жаттығу курсын өткеннен кейін Ленинград қаласын жаудан қорғау үшін нөмірі 301-дивизиясының жаяу әскері қатарында алғаш рет ұрысқа кіреді. Қазан айының соңында жараланып, Сарань қаласындағы госпитальге түседі.
1942 жылдың көктеміне қарай емделіп шыққаннан кейін, 14-і артиллериялық полк 45 мм зеңбірек сапында зеңбірекші болып жүргенінде тағы да жараланады. Госпитальден емделіп шыққан кәнігі артиллеристі нөмірі 125-і гвардиялық ди-визияның калибрі 76-мм зеңбірекшілерінің құрамында соғыс аяқ-талғанша қызмет етеді. Екі рет жеңіл, екі рет ауыр жарақат алып жараланса да қатардан қалмай, 2-і Украин Майданының әскерлерінің құрамында Украина, Молдавия, Бессарабия, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Австрия жерлерін жаудан тазартады.
Қатарында менің әкем Байдүйсен де бар Кеңес Одағының Қызыл әскерлері Европаның ең биік тауы Альпі тауларынан зеңбіректерін бөлшекке бөліп, иықтарына сап, арқанмен тартып, жаяу, таудың арғы бетіне асып түсіп, күтпеген жерден Италияндық «дуче» (фюрер) Муссолинидің әскеріне тұтқиылдан тап беріп, тас-талқанын шығарады. Кезінде Суворов асқан Альпіден менің әкемнің де жаяу асқанын мақтан тұтамын.
Италия жерін фашизмнен азат еткеннен кейін, жау ордасы Берлин бағытына батыс жағынан кеп шүйліге атой салған Қызыл әскерлерге сол күні, «Соғыс бітті! Біз жеңдік!» деген сүйінші хабар жетіпті. «Содан,-деп еске алады әкем сол жерде, бір үлкен судың бойында американдық әскерлермен кездесіп, құшақтасып, жуынып-шайынып, бір апта бойы Жеңісті тойладық. Бір аптадан кейін бізді эшалонға тиеп, Жапонға қарсы, Қиыр Шығыс майданына алып кетті. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды ғана өледі»-деген емес пе, ол соғыстан да жаным қалып, жараланбай, аман-есен 1945 жылдың қараша айының соңында елге қайттым. Талдықорғанға келсем, соғыстан кейінгі қала тұрмысы нашар екен, қырдағы ауылда отырған ағайындарды паналап келіп, осы Екпінді ауылында тұрып қалдым»-деп әңгімелеп отырушы еді әкем, Байдүйсен.
Бас сүйегіне қадалып қалған жау минасының кішкентай жарықшақ темірлері (осколки) орнынан қозғалып, шіріп, арты «гангрена» деп аталатын жаман ауруға ұласып, қиналып жатса да «қыңқ» демеген қайран әкем, балаларының, немерелерінің алдында 1985 жылы, қаңтар айында қайтыс болды.
Әкемнің ағасының баласы Ықсан Мұсабайұлы Елеусізов, 1943 жылы қаңтар айында Шұбар (қазіргі Алдабергенов) ауылынан әскерге алынып, Қиыр Шығыс майданында өздігінен жүретін артиллериялық қондырғының, «САУ»-дың механик жүргізушісі болып Квантун Армиясына қарсы соғыс қимыл-дарына қатысады. Жапон Армиясын жеңгеннен кейін, Түркменнің Кушка қаласының маңында Иран, Иракқа қарсы тұрып, тағы да бес жыл әскер қатарында болады. Сегіз жылдан артық әскер қатарында қызмет еткен Ықсан Мұсабайұлы 1951 жылы зейнеткерлікке шыққанша «Жетісу» колхозында жүк машина-сының жүргізушісі (шофер) болып еңбек етті. 2012 жылы 87 жасында қайтыс болды. Үш жасынан асырап өсірген әкесі Нұрәділ мен ағасы Байдүйсеннің қасына жерленген. Топырақтарыңыз торқа болсын...
Мен, майдангердің ұлымын, майдангердің ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын. Жыл сайын 9 мамырда жеңіс күнінде әкем мен әкемнің інісі Ықсанның жатқан жеріне барып, құран оқытып, қабір басына немере-шөберелері теріп әкелген даланың шоқ гүлдерін қоямыз.