Ақпараттық тіл айнасы

Жаһандану – мың қатпарлы, жүз астарлы аса күрделі үдеріс десек артық айтпаспыз. Солай екенін білсек те одан шет қала да алмаймыз. Себебі жаһандану тұтас адамзаттық дамудың негізгі арнасында жүріп жатыр. Сондықтан, экономикалық тұрғыдан ғана емес, ұлттық мәдениет, тіл тұрғысынан да өзімізді барынша бекемдей түсуіміз, Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасын бетке ұстап, ұлттық болмысымызды жаңғыртып дамытуға мән беруіміз керек.
Ақпараттық тіл айнасы

Баршаға белгілі, ұлттық құндылықтарымыздың қай-қайсысы да ана тілімізбен біте қайнасып жатыр. Тілсіз мәдениет – мәйексіз, өркениет – өгей. Тіліміздің заман үдерісіне сай дамуы біздің мәдениетіміздің өсіп-өркендеуін де білдіреді. Жаһандану үдерісіне ілесіп, елдігіміздің еңсесін биіктетуде ең алдымен, ұлттық тілімізге мән беруіміз керек. 

Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі – әлемдегі сөздік қоры өте мол және заманалар сынынан сүрінбей өткен, барынша кемелденген, бейнелеу қуаты күшті тілдердің бірі. Әрине, тіл де тірі ағза секілді, қалыптасқан негізіне, заңдылығына сай баптап, мәпелеуді қажет етеді. Сонда ғана ол шыңдалып, шымырланып, замана келбетін еркін кескіндейтін қуатты күшке ие бола түседі.

Бүгінде дамыған қалаларды көрнекілік ақпараттарсыз елестету мүмкін емес.  Көрнекілік құралдары белгілі бір тауардың немесе көрсетілетін қызметтердің барысынан мағлұмат беруші ғана емес, тілдік ортаның да әдемі көрсеткіші, айнасы екені шындық. 

Еліміз өз тәуелсіздігін алған соң мемлекеттік тіл, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру, еліміздегі басқа да ұлт өкілдерінің ана тілінің дамуына мүмкіндіктер жасау бойынша Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңы қабылданды. Жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Оның бәрі заң аясында қолға алынған кешенді мемлекеттік бағдарламалардың оң нәтижесі.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма тарапынан жыл сайын «Көрнекілік мінсіз болсын!», «Тіл тазалығын сақтайық» акциялары ұйымдастырылып келеді. Бұл бағытта жұмыстар біздің қала-
мызда да жалғасын тауып, тіл заңнамасының нормаларын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, заң талаптары баршаға ортақ. Мемлекеттік мекемелермен бірге кәсіпорындар да, жеке кәсіпкерлер де заң баптарын мінсіз орындауға міндетті. Яғни, түрлі жарнамаларды, көрнекілік ақпараттарды тіл заңының талаптары бойынша сауатты жазу – азаматтық жауапкершілік. Атап айтқанда, көрнекілік ақпараттардағы сөз сөйлемдер емле мен пунктуация ережелеріне сай дұрыс жазылуы, мазмұны да түсінікті, тілге жеңіл әрі  баурағыштық қуаты күшті болуы керек.

Бір сөзбен айтқанда, көрнекілік ақпараттардың адамдарға әсері өте күшті. Ондағы мәтіннің мазмұны адамның есінде қалады. Сондықтан, жарнама мәтінінің сауатты болуы өте маңызды. Жарнама берушілерден сауатты мәтін талап ету, қате кеткен жағдайда дереу түзету керек. Қате, сауатсыз жазылған көрнекілік ақпараттарға немқұрайды қарамау, құзырлы органдарға хабарласып, оның түзетілуін талап етуге құқылы-сыз. Қала тұрғындары көрнекіліктерде орын алған қателер бойынша «Текелі қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 4-47-01 телефон нөміріне хабарласуына немесе  kultura_11.tekeli@mail.ru электронды поштасына жіберуіне болады.

Марат Өмірбекұлы,
қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

 

Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы

21-бап. Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi

Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады.

Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртабандарының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады.

Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады.

Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс.

Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi.

Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.