«Жасыл ел» жұмысын бастады

1 шілдеден бастап біздің қаламызда да еңбек маусымының жаңа науқаны басталып, текелілік 20 жас маусымдық жұмысқа орналасты. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырады. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді. «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «бір тал кессең, он тал ек» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек.
Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары екенін көріп, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан, бізде де еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек.
Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ