Төл өнердің тәлімгері

– Домбыраның қоңыр үні қай уақыттан жүрегіңізді әлдилей бастады? Ұлттық музыка аспабын алғаш қолыңызға алған кезіңіз есіңізде ме?
– Әкем де, анам да мұғалім болып қызмет істеді. Ұстаз ата-ананың тәрбиесі қандай болатынын әркім де жобалайтын шығар. Менің ән мен күйге әуестігімді байқады ма екен, төрт-бес жасымнан домбыра үйренуіме жол ашты. Қалай дейсіз бе? Анамның жетекшілік ететін сыныбында оқитын Күмісхан деген шәкірті домбыраны жақсы шертетін. Сабақтан бос уақытында сол әпкеміз үйге келіп, маған күй тартуды, әнді сүйемелдеуді үйретті. Ең бірінші «Домбырам басы бал қурай» деп басталатын халық әнін домбыраға қосқаным есімде. Бала болып ойын қуғаннан гөрі домбырамды тыңқылдатып жиі отырсам керек.
– Домбырашы болу да туа бітті дарынды қажет ететіні белгілі ғой. Бойдағы сол қасиетті кәсіби біліммен ұштастырдыңыз ба?
– Төрт-бес жасымнан 4-сыныпқа дейін домбыраны біраз меңгеріп қалғанымда әкем Жаркенттегі музыка мектебіне оқуға берді. Онда екі жыл оқып, үйімді сағынып, ауылға қайтып келдім. Мектепті бітірген соң Сарқандағы мәдени-ағарту училищесінің домбыра сыныбында оқып, кейін Талдықорған педагогикалық институтының музыка факультетін бітірдім.
– Сіздің Текеліде алғашқы болып домбыра сыныбын ашқаныңызды біреу білсе, біреу білмейді...
– Біз Текеліге 1986 жылы көшіп келдік. Жолдасым да мұғалім. Жұмыс іздеп Текелі музыка мектебіне бардым. Фортепиано, скрипка, баян, флейта сыныптары бар екен. Тек домбыра сыныбы мүлде болмаған. Музыка мектебінің директоры Эрик Федорович Ким: «Өзіңе сеніп, оқушы жинап, домбыра сыныбын ашамын десең, жұмысқа алайын», – деді. Жолдасым екеуміз бүкіл мектепті аралап, домбыра туралы айтып, оқушыларды жаңадан ашылатын домбыра сыныбына шақырдық. Басында 80 бала жазылып еді, оқу басталғанда 20 бала ғана сабаққа келді. Тілдері орысша. Қазақша оқыған маған бастапқыда қиын болғаны рас. Бірақ, көп баланың ата-аналары домбырамен бірге қазақ тілін де үйретуімді сұраған соң, іске кірісіп кеттік. Шәкірттеріме ана тілінде сөйлеуді де, ұлттық аспабымыз домбыра тартуды да үйреттім. Жиырма баланың он екісі бес жылдық домбыра сыныбын бітіріп шықты. Алғашқы түлектерімнің бірі Лала Жақыпбаева Талдықорған музыка колледжін бітіріп, бізге жұмысқа келді. Сөйтіп, өз шәкіртіммен әріптес болдым. Еліміз тәуелсіздік алған соң ұлттық өнерге деген көзқарас өзгерді, арнамыз кеңейе түсті.
– Балалар шығармашылығы орталығының домбыра сыныбының бүгінгі жай-күйі қалай?
– Сәл шегініс жасасам, 2002 жылы Текелі музыка мектебі мен Көркем сурет мектебі біріктіріліп, Балалар шығармашылығы орталығы құрылды. Мен директордың орынбасары қызметін атқардым. 2009 жылдан директормын. Өнердің бар саласына махаббатпен, жанашырлықпен қараймыз. Ал қазақтың төл музыкалық аспабы домбыраға құрметім әу бастан ерекше. Домбыра сыныбында үш мұғалім шәкірттерімізді ұлттық өнерге баулимыз. Өткен оқу жылында 27 бала оқып, оның бесеуі оқуын сәтті аяқтап, арнайы куәлік алып шықты. Сонымен қатар, домбыра үйірмесі де жұмыс істейді. Жалпы, домбыра үйренемін деп келген баланы құшағымызға тартамыз. Топ жарған күйші болып кетпесе де, көкірегіне ұлттық музыкаға деген махаббатты ұялатып, кез келген ортада ұялмай қолына домбыра алып, күй күмбірлете алатын шәкірт тәрбиелеп шығаруды міндет санаймыз.
– Сұхбатыңызға рақмет. Нағыз қазақ тәрбиелеу жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын.
Сұхбаттасқан Торғын ТҰРЛЫБАЕВА