Нұр-Сұлтан – болашақтың бағдары

Мерей Қалибекқызы №8 орта мектебінің «Алтын белгі» иегері. Мектепті үздік аяқтаған ол Нұр-Сұлтан қаласында білім алғысы келеді. Ең алғаш елордаға 2017 жылы «EXPO-2017» көрмесін тамашалауға барған екен.
Нұр-Сұлтан – болашақтың бағдары

«Бірінші рет барғанымда-ақ астанамыздың сұлулығына ғашық болдым. Заман талабымен үндесе көтерілген зәулім ғимараттары көрген жанды бірден баурап алады. Сәулеті келіскен ұшар басында аңыздағы «Самұрық» құсының мүсіні бейнеленген «Қазақ Елi» монументі, астананың ажарын ашып тұрған көрнекті орын – Тәуелсіздік Сарайы, «Астана-Бәйтерек» монументі, «Бейбітшілік және келісім сарайы» сынды нысандар менмұн-далап тұрады. Сол кезде елордамызға ғашық болғаным соншалық осы қалада оқимын деп шешім қабылдаған едім», – дейді ол.

Оқуда озат оқушының арманы физика пәнінің мұғалімі болу. Осы арманға жету үшін Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне грантпен оқуға түсуге бел буып отыр.

«Біздің астанамыз Еуразияның кіндігінде орналасқан жас қала. Менің ойымша кез-келген түлек еліміздің бас қаласында білім алуды қалайды. Есіл жағасында бой көтерген қалаға арман қуып баратын жандар көп. Өйткені, ол – болашақтың қаласы, мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы деп білемін. Бүгінде бүкіл әлем сұлулығына тамсанып, «болашақтың қаласы» деп көз тігіп отыр. Бас шаһардың сәулет кешендері арасында атақты түрколог ғалымның есімі берілген білім ордасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де айрықша орынға ие. Үздік жоғарғы оқу орындарының қатарына кіретін білім ордасы. 29-маусымда Ұлттық бірыңғай тест тапсырып, 120 балл алдым. Енді осы университеттің студенті атансам деймін. Менің осындай шешімімді отбасым мен туыстарым қуана қабылдап, қолдау білдірді».

Қаламыздың мақтанышы, үздік түлек «Алтын  белгі» иегерінің бұл тілегіне біз де қосылып, ақ жол тілейміз.                       

Гауһар МҰСА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.