Жас маманға мүмкіндік

Аталған бағдарлама бойынша ауылға баратын жастардың қатары артып келеді. Педагогика мамандығын меңгерген жас мамандар ауыл мектептерінде еңбек жолын бастап, өскелең ұрпаққа білім беріп жүр.
Мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа орналасқан жас маманның бірі – Айжан Барманбекова. Талдықорған қаласының тумасы. Алматы қаласындағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетін «Шет тілі: екі шет тілі, ағылшын-түрік тілі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір Текелі қаласына қарасты Рудничный ауылындағы №7 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Ол аталған бағдарлама жайлы былай дейді: «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жақсы мүмкіндіктер береді. Мәселен, өз басым осы бағдарлама аясында сүйікті жұмысыма орналастым. Сонымен қатар, 176 750 теңге, яғни, 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы көтерме жәрдемақыны алдым. Ең бастысы – баспанаға қол жеткіздім. Аллаға шүкір, қазір осы шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Ауылымыз тыныш. Адамдар да мейірімді. Алғаш келгенімде ұжым да жылы қарсы алды. Білмегенімді үйретіп, бауырларына басты. Ал, оқушыларым өзімнің балам сияқты. Әрқайсысы ағылшын тілін білсем, меңгерсем деп қызығып тұрады. Шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық жолды таңдағаныма еш өкінбеймін».
Педагогтың айтуынша, ша-ғын елдімекендегі білім ордасында 180 оқушы бар. Айжан Жақсылыққызы ағылшын тілінен ғана сабақ бермейді, бұған қоса ол ұйымдастырушы ұстаз болып қызмет атқарады. Жас мұғалім бір шаңырақтың отанасы, бүгінде 2 бала тәр-биелеп отыр. Жолдасы да осы ауылдағы әкімдікте жұмыс істейді.
Рудничный ауылында атал-ған жоба бойынша тағы 3 маман мектепте жұмыс істейді. Өткен жылы Дастан Санақбаев та мемлекеттік жоба аясында осы ауылға жұмысқа тұрған.
«Былтыр тамыз айында Рудничный ауылындағы мектепке келдім. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Өзім Кербұ-лақ ауданы, Беріктас ауылынанмын. Талдықорған политехникалық колледжін бітіргеннен кейін жұмыс іздеп жүргенде №7 орта мектебіне мұғалім қажет екенін естідім. Кейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен осы жерге орналастым. Тиісті қолдауға ие болдым. Үй алдым, жәрдемақысы тағы бар. Жалпы, жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан өте жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Ауылға келіп, оның дамып, өркендеуіне үлес қосудан қашпау да, қиын-дықтан қорықпау да керек»,– дейді ол.
Осылайша «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы ауылдық жерлердегі маман тапшылығын шешуге сеп болып отыр.
Гауһар МҰСА