Алматы облысында еріктілер саны 7 мыңға жетті

А.Баталов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста еріктілік қызметті ары қарай дамыту жөніндегі жұмыс Жол картасына сәйкес жүзеге асырылып жатқаны туралы баяндады. Өңірде 2020 жылдан бастап еріктілер, белсенді жастар мен студенттердің жобаларын жүзеге асыратын фронт-офис жұмыс атқаруда. 2021 жылдың басында еріктілер ұйымдарының саны 36, тіркелген еріктілер саны 4012 болса, белсенді жұмыстың нәтижесінде небары жарты жылда ұйымдар саны 95-ке, еріктілер қатары 7 мыңға жеткен.
Облыста жастардың бастамаларын қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 2 есеге көбейтілді. Мәселен, 2020 жылы 31 млн. теңге қарастырылса, бұл көрсеткіш 2021 жылы 76 млн. теңгені құрап отыр.
Өңір әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысы айқындаған 7 еріктілік бағыт және «Қайырымды істер марафоны» аясында облыста 1043 акция өткізілген. Мұқтаж болған 75 отбасы баспаналы болды, 6,5 мың жанұяға 130 млн. теңгеге азық-түлік себеттері таратылып, 60 мыңнан астам тұрғынға әртүрлі көмек көрсетілді.
- «Біргеміз Таза әлем» жобасы аясында 50 мың адамның қатысуымен 134 экологиялық акция ұйымдастырылып, 41,8 мың түп ағаш отырғызылды. «Egov – жаршысы» жобасы аясында 100 ерікті өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында тұрғындарға қызмет етуде. Төтенше жағдай кезінде біздің еріктілер мұқтаж жандарға жедел көмек көрсетіп, жоғары азаматтық ұстаным танытты, - деп атап өтті А. Баталов.
Сол сияқты шілде айында Жол картасын орындау мақсатында Қапшағай қаласында ең үздік волонтерлік топтар көшбасшыларының жыл сайынғы республикалық слетін өткізу жоспарланып отыр.
Жетісулық жастар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойлық шараларына да белсене қатысуда. Облыста олар 30 бастаманы қолға алды және дарынды жастар «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасына да атсалысады.
Еріктілер бастамалары мен жобаларын жүйелі дамыту үшін облыстың әр аудан, қалаларында Талдықорғандағы жастарға қызмет көрсету орталығы үлгісінде осындай орталықтар салынады.
Сонымен қатар селекторлық жиын соңында облыс әкімі тиісті басқармаға жастардың еріктілер ұйымдарын қолдауды одан әрі жалғастыруды тапсырды. «Ерікті жастар тек індетпен күрес кезінде ғана емес, мұқтаж жандарға тұрақты қол ұшын беріп, жалпы қоғам өміріне белсене араласуы тиіс», - деді А. Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.