«Аshyq»-қа қосыл

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бақытгүл Сайлаужанқызының айтуынша, шаһарымызда 19 нысан аталған қосымшаны пайдаланады. Оның екеуі сынақ түрінде іске қосылған. Мобильді қосымшаны App Store және Play Market-тен жүктеуге болады. Қоғамдық тамақтану орындары сынды нысандарда QR код арқылы сіздің мәртебеңіз анықталады. Ұялы телефоныңыз болмаған жағдайда мекеме қызметкерлері сіздің жеке сәйкестендіру нөміріңізбен тексереді. Айтып өтейік, сандық жүйе пандемия кезінде кәсіпкерлерге қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысында COVID-19-ға қарсы вакцина алған азаматтарға екпе паспорты қағаз нұсқада берілетіні жазылған. «QazVak» вакцинасын алған тұрғындар мен шетел азаматтарына қауіпті індетке қарсы препаратты алғанын растайтын анықтама 1 маусымнан бастап қаламызда да беріліп жатыр.
«Шетелде коронавирусқа қарсы вакцина салдырған Қазақстан Республикасы азаматтарының коронавирусқа қарсы вакцинациялануы туралы мәліметтер Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі ХТТ «Вакцинация» модуліне растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін болады»,– деп көрсетілген қаулыда. Сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің мүгедектігі бар мүмкіндігі шектеулі адамдар тобына жататын жандарға коронавирусқа қарсы вакцина салу үшін олардың үйіне баратыны айтылған.
Қалалық емханада аталған анықтаманы тұрғындардың сұрауы бойынша береді. Екпе салу науқаны басталғалы бері шаһарымызда вакцинаның I компонентін 4441 адам салғызған. II компонентті 2540 азамат алды.
Гауһар МҰСА