«Киелі табиғат» марафоны

Жастардың экологиялық ортаға деген жауапкершілігін арттыру, салауатты өмір салтын дәріптеу, достықты, береке-бірлікті нығайту мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған «Киелі табиғат» экологиялық плоггингі қаламызда жалғасын тапты.
«Киелі табиғат» марафоны

Игі шараға қала әкімінің орынбасары Айнұр Мейрханова, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров қатысып, жастарды сала-

уатты өмір салтын ұстануға, ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан табиғатты, жан-жануарларды қорғау бағытындағы адамгершілік құнды-лықтарды өмірлік дағдыға айналдыруға, жастық шақтың қадір-қасиетін бағалап, бір-біріне мейірімді, қамқоршы болуға шақырды.

Плоггинг – салауатты өмір салты мен қоршаған ортаға қамқорлықты біріктіретін фитнес-тренд. Яғни, жүгіріп  қоқыс жинау деген ұғымды білдіреді. Әдетте адамдар ертелі-кеш қала көшелерімен немесе табиғат аясында жүгіріп, бой сергітеді, дене қуатын шыңдайды. Осы кезде қолға арнайы қапшық ала жүріп, шашылған қоқыстарды да жинай кетеді.

Жүгіріп келе жатып, жол бойында жатқан қоқысты алып, қапшыққа салу үшін адам еңкейеді, қолын созады, сосын, денесін тіктеп, жүгіруін қайта жалғастырады. Шынымен де, спорт пен орта тазалығын шебер ұштастырған, адамдарға ой салатын пайдалы тренд.     

Қаламызда алғаш өткізіліп отырған шараға облыстық және қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері, қаламыздағы белсенді жастар, еріктілер, кәсіптік колледж студенттері қызығушылықпен атсалысты. Олар барлық санитарлық талаптарға сай, маска тағып, қолғап киді. 3 топқа бөлінген жастар «Достық» шағынауданындағы Қаратал көшесімен 3 шақырым жүгіріп, 700 кг-ға жуық қоқысты жинады.

Соңында қорытынды шығарылып, белсенділігімен көзге түскен командалар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен, сыйлықтармен марапатталды.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.