Ғасыр қасіреті

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқының басына үйірілген қара бұлт сейілмей, бүтін бір ұлт жазықсыз жапа шекті. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, 1997 жылдан 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.
Ғасыр қасіреті

Саяси қуғын-сүргін Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталып, оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. «Халық жаулары», «ұлтшылдар», «исламшылар», «түркішілдер», «жапон тыңшылары» сияқты неше түрлі жалған айыптармен қазақтың бас көтерген, белсенді зиялыларынан бастап қарапайым адамдары да жазықсыз саясаттың құрбандығына шалынды, түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Деректерге сүйенсек, 118 мың адам жазықсыз тұтқындалып, оның 25 мыңы атылған. Қазақ зиялыларының күйеуінен бас тартпаған әйелдері «Алжир» лагеріне қамалды.

Қазақ елі өткен ғасырдың еншісінде қалған азамат соғысы, байларды кәмпескелеу, жаппай колхоздастыру, 1932-33 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы репрессия салдарынан миллиондаған адамынан айырылды. Әсіресе, Голощекиннің зымиян саясатымен қолдан жасалған ашаршылық қара халықты қынадай қырды. Тарихи мәліметтер бойынша, 1919-1922 жылдардағы аштықта 1,5 млн адам, 1931-1933 жылдардағы аштықта 2,5 млн адам опат болған. Ал соғыстан кейінгі жылдарда еліміздегі экономикалық ахуалдарға байланысты болған ашаршылық ашық айтылмағанмен, оның тарих беттерінен өшпейтіні анық. Осындай ғасыр қасіретін бастан кешсе де, халқымыздың мұқалмаған өр рухы тәуелсіздіктің арайлы таңдарында тіпті де асқақтай түспек.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.