Ерлік ешқашан ұмытылмайды

9 мамырда текеліліктер Даңқ монументіне гүл шоқтарын қойып, сұрапыл соғыста ерлікпен құрбан болған батырларды еске алды.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Қала әкімі Батыр Молдахметов, мәслихат хатшысы Николай Калиновский, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертай Дүйсебаев көпшілікті Жеңіс күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Ерлеріміз алдыңғы шепте батырлықпен шайқа-сып жатқан кезде, аналарымыз, балалар мен қарттарымыз еңбектің қазанын қайнатып, майданды азық-түлік, жылы киім, оқ-дәрімен қамтамасыз етуге барын салды. Ұлы жеңіске ерліктің, елдіктің, жұдырықтай жұмылған бірліктің күшімен қол жеткіздік. Мұны бүгінгі ұрпақ білуге тиіс. Отаншылдық ата-бабаларымыздың, әкелеріміздің осынау өр рухынан тамыр тартады. Тарлан тарих – халқымыздың өткені ғана емес, елдігіміздің негізі. Оған құрметпен қарауымыз керек.

Осыны алға тартқан қала басшысы соғыс ардагері Тыщенко Михаил Абрамович пен  концлагерь тұтқыны болған Громницкая Татьяна Николаевнаға Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады. Ізгі тілегін жеткізіп, өрлік рухтың, еңбекқорлық пен қарапайым қайсарлықтың үлгісі болған қос қарияға мықты денсаулық, баянды ғұмыр тіледі.

Көпшілік бүгінгі бейбіт өміріміздің оңайлықпен қолға келмегенін айтып, соғыстағы ерлікті де, тылдағы ерен еңбекті де естен шығармай, алдыңғы буын тіктеп берген өр рухты асқақ ұстап, достықты берік сақтап, береке-бірлікпен тәуелсіз еліміздің кемел келешегіне есе қосуымыз керектігіне баса маңыз берді.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.