Өшпес із, өлмес рух

Оқтай заулаған уақытта шек жоқ. Дүниені екі бүйірден қысқан індеттен іргені аулақ салудың амалын іздеп жүргенде кешігіп жеткен көктемнің соңғы айы да сусып өтіп бара жатқанын аңдамай қалғандаймыз. Тыныштығымызға тәубе деп, татулығымыздың тұнығын лайламай, бақ пен берекенің бағасын білген халқымыздың тарихтың қатпарында қалған нешеме қилы замандардың қай-қайсында да өр рухы сынған жоқ. Жеңісінің 76-көктеміне қадам басқан сұрапыл соғыста да қазақ елінің алдаспан ұлдары ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Нұркен Әбдіров, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды батырлардың есімі әрдайым ел жадында.
Өшпес із, өлмес рух

Деректерге сүйенсек, соғыс жылдары әскерге 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылып, оның 601 мыңы майдан даласынан туған елге оралмаған екен.
Ал тылдағы есіл еңбектің бағасы тіпті өлшеусіз. Тылдағылардың жеңіске қосқан үлесін айтқанда, жауға атылған әрбір тоғызыншы оқ Текелі қорғасынынан құйылғанын мақтанышпен еске аламыз. Ал майданда ерлік көрсеткен текеліліктердің легі бір төбе. Отан қорғау жолында қаза тапқандардың ізінен бейбіт күннің шуағын сезініп, ел-жұртының құрметіне бөленген ардагерлердің көбі қайтпас сапарға аттанды.

Қазір қаламызда Ұлы Отан соғысының көзі тірі жалғыз ардагері Михаил Абрамович Тыщенко ғана бүгінгі ұрпаққа соғыс тауқыметін өз аузымен айтып, тыныштықтың қадірін білуді ұғындырып жүр. 339 тыл еңбеккеріне, риясыз еңбегі мен мінсіз жауынгерлік қызметі үшін Кеңес одағының орден, медальдарымен марапатталған 4 адамға, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан 16 азаматтың жұбайларына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық, жерлестерінің құрметі өткенін естен шығармайтын елдің ізгі қасиеті.

Қазақстан Қарулы күштерінің қатарындағы сарбаздарға, жалпы Отанын жанындай сүйетін әрбір азаматқа дәуір дөңгелегімен тарих қойнауына көшіп бара жатқан ардагерлердің өшпес ізі мен өлмес рухы өнеге.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.