Бір шаңырақ астында

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Тәуелсіздіктің 30 жылдығын айшықтап, татулық пен тұрақтылықты, бірлікті нығайту мақсатында қаладағы өзге этнос өкілдерінің жастары мен қалалық Мәдениет үйінің қызметкерлері республикалық «Менің Қазақстаным!» акциясы аясында «Көк тудың желбірегені», «Атамекен» әндерін орындап, шырқалған патриоттық ән шашулар әлеуметтік желілерге орналас-тырылды.
Қалалық Мәдениет үйінің LED-экранында және әлеуметтік желілерде көркемөнерпаздар ұжымдарының «Қазақстан бар ұлысқа шанырақ!» тақырыбында онлайн концерттік бағдарламасы тұрғындарға ұсынылды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы өзге этнос өкілдерінің «Тіл мерейі – ел мерейі» атты мемлекеттік тілде құттықтау челленджі, балалар шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Бір шаңырақ астында, бірлігіміз жарасқан» атты достық фестивалі, «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» тақырыбында өзге ұлт жастарымен сұхбат ұйымдастырылды.
Мектеп оқушылары арасында онлайн форматта тәрбие сағаттары, шығармалар, сурет салу байқаулары өткізіліп, қалалық кітапханадағы «1 мамыр – бірлік, ынтымақ күні», «Күш – бірлікте!», «Ұлт бірлігі – болашақтың кепілі» тақырыптық шараларға барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, қала тұрғындары қатысты.
Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны сөзсіз.
Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ